Навигация

Серіктестер

«Құқықтық актілер туралы» Заң

Құқықтық актілер туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ


Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әзірлеуші орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыретіне сәйкес нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар;
2) ереже – қандай да бір мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
3) жеке-дара қолданылатын құқықтық акт – жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және (немесе) заңды тұлғаларға) қолданылатын, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және құқық нормаларын қамтымайтын, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
4) заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт;
5) заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлер – заңнамалық және сатысы бойынша өзге де жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiлердің негiзiнде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылатын, заңнамалық актілер болып табылмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
6) заң жобасының тұжырымдамасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесін, оны қабылдау мақсаттарын және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де ережелерді қамтитын құжат;
7) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің қаулылары;
8) заң сараптамасы – нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру;
9) заң техникасы – құқықтық актілерді ресімдеу тәсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығы;
10) заң ұқсастығы – ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың нормаларын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;
11) кодекс – осы Заңның 8-бабында көзделген бiртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары бiрiктiрiлген және жүйеге келтiрiлген заң;
12) конституциялық заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша қабылданатын заң;
13) қағидалар – қандай да бір қызмет түрін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
14) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi – нормативтiк құқықтық актiлердiң деректемелерiн және осы актiлер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алудың бiрыңғай жүйесi;
15) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасы – белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлер жиынтығы;
17) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 3-тармағында және 91-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;
18) құқық нормасы – реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберiнде көп мәрте қолдануға арналған, жеке-дара айқындалмаған тұлғалар тобына қолданылатын, тұрақты немесе уақытша сипаттағы жалпыға мiндеттi мінез-құлық қағидасы;
19) құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкілетті органдар қабылдаған, құқық нормаларын немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтитын, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
20) құқықтық мониторинг – осы Заңның 50 және 51-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының жай-күйі және оны қолдану практикасы туралы ақпаратты үнемі бақылау, жинау, талдау жүйесі;
21) құқық ұқсастығы – заңнаманың мәнін, құқықтың жалпы қағидаттарын және құқықтың нақты салаларының қағидаттарын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;
22) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талапты белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет ету тәртібін, оның ішінде өзге де көрсетілетін қызметтерді берушілермен, халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету процесінде ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
23) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
24) нормативтік емес құқықтық акт – құқық нормаларын қамтымайтын, уәкілетті орган өз құзыреті шегінде шығарған (қабылдаған), жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын не нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін жазбаша ресми құжат, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер;
25) нормативтiк құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган қабылдаған, құқық нормаларын белгiлейтiн, өзгертетiн, толықтыратын, олардың қолданысын тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгiленген нысандағы, қағаз жеткізгіштегі жазбаша ресми құжат және сонымен бірдей электрондық құжат;
26) нормативтiк құқықтық актiлердi кейiннен ресми жариялау – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне сәйкестiгі тұрғысынан сараптамадан өткен нормативтiк құқықтық актiлердi баспа басылымында жариялау;
27) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі – осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен деректемелері қамтылған жазбаша тізбе;

 

Файлды жүктеу және толық нұсқасын көру үшін осы жерді басыңыз
Тип файла: RAR
Размер файла:164 KB

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2017. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.