Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

​АУЫЛ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 10.05.2018
Оқылды: 230 Печать страницы

АУЫЛ ӘҢГІМЕЛЕРІ

 

1. ҚОЗЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

- Мәә! Мммм-әәә....

Құлағыма маңыраған қозының әлсіз дауысы келді. Төсегімнен атып тұрдым. Пештің түбінде ескі көрпешеге орап қойған әппақ, бауыр жүні бұйра-бұйра кіп-кішкентай қозыға көзім түсті.

Ой, қандай сүйкімді!

Мына жарық дүниені жатсынып қорыққаны ма, әлде, тоңғаны ма, денесі дір-дір етеді. Алақаныммен сипап едім, қарсылық білдіргендей аяқтарын тарбаң-тарбаң еткізді.

- Ммм-әәә...

Осы кезде ұйқыдан көздерін аша алмай есінеп, ұйпа-тұйпалары шығып, Сәния мен Мұрат та тұрды. Олар да қозының маңырағанынан оянып кетсе керек. Тақау келе сіңілім қозыға қарап сұқ саусағын шошайта «Ләқ» деді.

- Лақ емес, қозы,-деді інім үлкендігін көрсетіп. Бір нәрсеге дауласқанда қоймай қоятын әдетіне басып сіңілім тағы да «Ләқ» деді.

- Лақ емес дедім ғой. Қозы. Оны қой туған – деді, інім де қоймай. Сіңілім де қайтар емес. Жаттап алғандай бір сөзді қайта-қайта айтып, інімнің ызасына әбден тиді.

- Ләқ...

- Қозы... Інім мен сіңілім осылай дауласып отырғанда үйге қолында бір қап тезегі бар шешем кірді.

- Мама, мынау лақ емес қой, иә. Қозы десем, Сәния лақ деп қоймайды –деді, Мұрат шешемнен өзінің сөзін растағанын күткендей жүзіне тіке қарап. Сәния да қалысар емес тағы да «ләқ» деді.

Мұрат пен Сәния тете болған соң осылай көп дауласады. Мұраттың қанша дегенмен Сәниядан үш жас үлкендігі бар. Сөздері де, істері де дәлелді шығып жатса да Сәния оған жеңсік бермейді. Ылғи өзінің айтқанын дұрыс дейді. Оған Мұраттың ызасы келіп, Сәнияны жылатып қояды.Шешем кейде арасына түскенімен, кейде үнсіз тірліктерін істеп жүріп алады. Ол да екеуінің бітпейтін дауынан шаршайтын болса керек. Осы жолы да сөздерін жүре тыңдап: «Таң атпай шуламай, жуыныңдар» деді. Мұрат сондада да өзінің сөзінің дұрыстығын дәлелдегісі келгендей:

- Қозы. Кеше әкем қазақи қойдың бүгін түннен қалмай қозылайтынын айтқан. Сен не білесің?-деді өзінің малдан хабары барын білдіре.

- Бола бершін... Бұл-ләқ – деді, Сәлима да қоймай. Тілі енді шығып келе жатқан Сәлиманың сөздерін қызық көрсем де, даудың аяғы жанжалға ұласып кетпей тұрғанда сөздерін бөлейін дегендей сөзге араластым.

- Болды, қойыңдар. Енді бұл қозыға ат қоймаймыз ба?-дедім екеуінің назарын өзіме аударта.

- Атын Ақбота қояйық – дедім, бірінші.

- Ақбота... Өй, бұл түйенің баласы емес қой – деді, Мұрат жұлып алғандай.

- Ақбота қоямыш – деді, Сәния. Сәнияға бәрібір. Оған тек Мұраттың айтқаны болмай, менің айтқаным болса болды.

- Қарамайсың ба, өзі де ботаның баласындай сүп-сүйкімді, әрі әппақ. Әрі атта тұрған не тұр. Ақбота деп атасақ түйенің ботасы болып кетпейді ғой – дедім, үлкендігімді білдіре нық сөйлеп, әрі Мұраттан жеңілгім келмей. Мұраттың келіспесіне амалы қалмады. Қозы шынымен сүйкімді, Ақбота деген атқа лайық еді.

***

Біздің жайлап отырған жеріміз Шонабай қыстағы деп аталады. Әкем колхоздың малын бағады. Үш-төрт шақырым жерде бізден басқа бес-алты шопандар үйі қоныстанған. Бұл жерде жалғыз үйміз десек те болады. Ауылдағыдай шулаған бала жоқ мұнда. Сондықтан кейде ішің пысады. Ондай кездері үйді айналып тығылмаш ойнаймыз.

Бұл жердің табиғаты ерекше. Шөбі шүйгін. Малға жайлы. Талға да шөпке де ұқсамайтын бойшаң сасыр деген шөп бар, кейде қойларды соның түбінен таппай қаламыз. Үйдің қарасынан басқа ойнайтын жер таппай жүрген бізге жақсы болды. Ақботамен тығылмақ ойнағанда сол сасырдың түбіне жасырынамыз. Үшеуіміз бір-бір сасырдың түбіне тығылып қаламыз да «Ақбота, пүшәйт-пүшәйт....» деп шақырамыз. Ақбота маңырап жүріп іздейді. Ол да жануар демесең, пәле. Дауыс шыққан жаққа қарай жүгіреді де, тоқтай қалып басын ары-бері шұлғып тың тыңдай қалады. Кейде тығылып жатқан жерімізден тауып алады да бүкшиіп жатқан бізді сүзіп қалады. Оған біздер мәз боламыз.

Ойынымыз қанып үйге келсек әкем атын арбаға шегіп, сайлап жатыр екен. Демек қонаққа барамыз. Ура! Дереу шифонердегі әйбәт көйлегімізді алып, киіне бастадық. Сәния да қалар емес. Бір киер киімін киіп, оған өзі мәз болады. Көйлегін сипап «әйіш» деп қойды. Қонаққа бару біз үшін мерекемен пара-пар. Ешқайда шықпай тек бір үйден кіріп-шығу бізді де зеріктіретін. Әрі қойшылардың балаларымен ойнаймыз.

Ақботаны да апарайық дегенімізге әкем көнбеді.

- Мал емес пе...Қойларға қосылып кетсе, таба алмай қаласыңдар,-деп тастап кетті. Арба қозғалмай жатып, Сәния айқайлап жылауға көшті. Сәния өзінің айтқанын істету үшін ылғи осылай істейді. Жыласа үлкендердің көнетінін біліп алған.Бұл жолы да сол әдетіне басып еді, шешем «Ала салшы» деді әкеме қарап. Әкем үндемеді. Үндемегені келіскені. Мен арбадан секіріп түсіп, Ақботаны алып келдім.

Біз үшін ең көңілді күн болды. Қоңсы шопандардың балаларымен армансыз ойнадық. Олар да Ақботаның қылықтарына мәз болысты. Қайтарда шаршағанымыздан үн-түнсіз арбада тербетіліп келдік. Мұрат пен Сәния ұйықтап қалған. Шаршаса керек. Ештеңе сезер емес. Ақбота да бүрісіп, ұйықтап жатыр. Ол да бала сияқты. Жануардан туған демесең, өзі сондай сезімтал, ақылды. Сар далада аспанға қарап жатып, арбаның біркелкі сарынына құлақ түрем. Әкем мен шешем әрнені сөз етісіп келеді. Шопандардан естіген жаңалықтарын айтысты. Мен осы жатқанда өзімді ең бақытты баладай сезіндім. Кең дала...әкем мен шешем қасымда. Інім мен сіңілім бар. Енді Ақбота қосылды...

***

Үйге келсек есік ашық жатыр екен. Айдаладағы қыстаққа аяқ басқан кімдер болды екен деп ойлағанымызша, үйден шешемнің екі сіңілісі атып шықты. Қаладан ауылға қыдырып келген екен. Ауылдан осында келіпті. Мұнда не қызық көреміз деп келгендерін кім білсін? Әйтеуір бұл келістері маған ұнамады.

Нағашы әпкелеріміз келгелі бейқам өміріміз жайына қалды. Салғаннан екеуі «Мына үйлерің мал қора болып кеткен бе? Сасық қой» деп мұрындарын шүйіріп, тыжырынсын. Дереу үйдің бәрін сыртқа шығарып, қағып-сілки бастады.

- Малды үйге ұстағаны несі? Апарыңдар қораға. Малдың орны-қора! -деді Фарида тәтемнің көзі ақшиып. Оған біздің көнгіміз келмей біраз қиғылық салып едік, онымызды шыбын шаққан құрлы көрмеді. Шешем де олардың айтқанын құптайтын сияқты ма қалай, әйтеуір бізді жақтап сөйлемеді. Үнсіз естімеген адамдай далаға шығып кетті. Ақыры Ақботаға тықыр таянды. Жайлы үйден қап-қараңғы қораның бұрышынан бір-ақ шықты.

Сәлиманың да айқайлап жылағанынан ештеңе өзгермеді. Безбүйрек шешемнің сіңілісінің беті бүлк етпеді.

Әкем мен шешем бізді екеуіне табыстап, шаруамен колхозға кеткен. Бұл көргеніміз әншейін ғана екен. Әке-шешем кете сала «Ары отырыңдар, олай емес бері отырыңдар» деп толық билік жүргізіп, ығырымызды шығарды-ақ.

- Әбден беттеріңмен кеткенсіңдер - дегенді де қосып қойды. Қыңқылдап жылаған Сәлимаға да жекіріп ұрысты. Сәлима көзі боталап маған қарайды. Бір кезде «Ақботамен ойнаймын» деп қиғылық салып еді, Фарида дегені көзі шатынап, долданып шыға келді.

- Малды үйге кіргізгені несі? Әбден малмен мал болып кеткен,-деді. Мына сөзі жон арқамнан осып жібергендей әсер етті.

- Біз мал емеспіз - дедім жұлып алғандай.

- Әй, сен аузыңды жап. Қалай-қалай сөйлейді-ей...Өй, тәрбиесіз...

- Тәрбиесіз мына-сізсіз - дедім. Шапалақ жағыма шарт етті. Шешем бұлай ұрып көрмеген. Енді қайдағы бір көкбеттен таяқ жегенім шамыма тиіп кетті.

- Мен сені әкеме айтам - дедім де еңіреп жылап жібердім. Сол жылаған күйі үйден атып шықтым да, елсіз далаға қарай жүгіре жөнелдім. Қорсылдап келем. Көзімнен де, мұрнымнан да сорғалап ақты-ау... Мұндай қорланбаспын. Әсіресе «Мал, тәрбиесіздер» деген сөздері есіме түссе одан сайын еңіреймін. «Осыдан әкем келсін сазайын тартқызармын бәлемнің!» Тұла бойымды кернеген қазіргі ашу-ызадан мүлде елсіз мекенге кетіп қалып, табылмай қойғым келді. Іштей ұрсысып келем. «Жоғалып кетіп, табылмай қояйын ба? Көрсін сосын ұрғанның қалай болатынын. Әкем жанын шығарсын...». Бұл ойым өзіме майдай жақты ма, ендігі жерде жүгіргенді қойып жәй жүріске салдым. Әлгіндегідей емес ашуым да тарқайын деді. Әрі жүгіре беріп, шаршап қалыппын. Аяғыма бітік өскен жусандар да оралғы болып жүрісімді қиындата түсті. Тұла-бойым да терге малшынды. Алақ-жұлақ етіп жан-жағыма қарадым. Қанша жер жүгіргенімді білмеймін артыма қарасам, үйімнің қарасы тұрмақ, төбесі де көрінбеді. Адасып кеткенімді анық сездім. Алдыма қарасам да шексіз дала, артыма қарасам да шексіз дала.

Қорқа бастадым. Бағанағы ыза-кектен жұрнақ та қалмаған. Аң-құсқа жем болсам қайтем? Алдымнан қасқыр шыға келсе ше? Осылай ойлауым мұң-ақ екен, жүрегім тас-төбеме шықты. Даусымды ешкім естімейтінін білсем де «Ма-ма!» деп айқай салып, тағы да жүгіре жөнелдім. Алдымнан ештеңе көрінбейді. Әшейіндегі қойлы ауыл да кезікпеді. Соған қарағанда мүлде бағыт-бағдарсыз, беталбаты жүгіре берсем керек. Өкіне бастадым. «Қап. Бекер бетіне келген екенмін. Одан да шыдап, әкем келгенде айтып, сазайын тарттыруым керек еді...»

...Әбден титықтап шаршағанымды сездім. Қарным да аша бастады. Бір жағы шөл де қысып барады. Күн де шақырайып, ысып кетті. Үп еткен жел жоқ. Қол-аяғымнан дәрмен кеткендей, дізем дірілдей бастады. Сасырдың түбіне келдім де көлеңкесін паналап отыра кеттім. Ұйықтап кетіппін.

- Әй, бұл қайсың? Тірісің бе?-деп әлдекімнің түртіп оятқанынан атып тұрдым. Әлімгерей деген көрші шопан екен. Қуанып кеттім. Әлгіндегі ашу-ызадан жұрнақ та қалмаған. Қуанғанымнан Әлімгерей атаның бетіне қарап ыржия беріппін.

- Бұ қай баласың?

- Мен ғой, ата Тілегеннің баласымын - дедім аптығып.

- Айдалада не істеп жүрсің? - деді ата жүзіме барлай қарап. Мен «үйден қашып шығып едім» дегенді айтпай «Ойнап жүріп адасып кеттім» деп соғып жібердім. Қапелімде бұл сөздің ауызыма қалай сап ете қалғанын өзім де байқамай қалғаным...

- Баламысың деген... Әкең мен шешең шарқ ұрып іздеп жүрген шығар осы уақытта - деді де мені ертоқымға отырғызып, өзі атын жетектеп алды. Шашырай жайылған отардың шетіне келіп тоқтады да, қанжығасына бөктерген кенеп дорбаны шешіп, шиеленіп байланған жібін ашты.

- Қарның ашқан шығар. Тамақ жеп ал - деп, суыған ет пен таба наннан сындырып ұсынды. Қарным ашпақ түгілі ішектерім қабысып қалған еді. Асты көріп ішім ұлып сала берді. Ет пен нанды қарбып жеп алдым. Ол аздай атайдың бөктергісіндегі шөлмекке құйылып, шайқала-шайқала майы шыққан тәтті айранды да сіміріп салдым.

Әбден қарын тойғаннан кейін енді ішім қылп ете қалып, алаңдай бастадым. «Ендігі әкем мен шешем де келген шығар. Мені шарқ ұрып іздеп жүрген болар» деген ой сап етіп келе қалды. Әрі Фариданың мені таппай, жаны шыға іздеп, ебіл-дебіл болған түрі елестей кетті... «Е, е...» Есем қайтып, айызым қанғандай болады. Артынша жылап жүрген шешем келе қалды көз алдыма. Аяп кеттім. Үйге жетуге асықтым.

Күн ұясына батып, қас қарая бастаған. Әлімгерей ата қойларын шарбаққа қамағаннан кейін мені ердің алдына мінгестіре, сар желіп жолға шықты. «Әй, баламысың деген...» деп қояды ара-арасында. Алагеуімде өз қыстағымыздың сұлбасын ажыратпасам да, үрген ит пен малдың даусынан үйге жақындап қалғанымды сездім. Шамның жарығынан шешемнің бір кіріп, бір шығып жүргенін көрдім. Байыз таппай жүрген сияқты. Бізді көрді де, алдымыздан жүгіріп шықты.

- Тірісің бе, айналайын-оу - деп мені құшақтап жылып жіберді.

Таңа ата сала шешемнің сіңілілері келген жақтарына кері қайтты... Енді келместей болып кеткені анық еді. Біздің қатал тәрбиеге енді көнбейтінімізді, мына кең далада қой-қозымен етене жақын болып кеткен болмысымызды өзгерте алмайтындарына көздері жетсе керек.

***

Әкем «колхоз бастық» келеді деп, мал сойып, абыр-сабыр болды да қалды. Қонақ келеді дегенге қуанып жүрміз.

Түске қарай күткен адамдар да келді. Қарындары шартиған, шетінен семіз ағалар екен қонақтарымыз. «Забхоз» дегені ырсылдап, ана бір төрдегі аға отырған көрпені қаққыштап, қасығын алып беріп бәйек болуда. Домаланып отырып, құйрығымен жорғалай қозғалғаны күлкілі көрініп кетті. Анабіреусінің беті де ісіп кеткен бе, сөйлеген сайын екі ұрты қоса жыбырлап, бүлк-бүлк етеді екен. Оның бұл түрі маған күлкілі көрінді. Баяғыда әжеміздің тісі жоқ тамақ шайнағанда иегі шошаң-шошаң ететін. Дәуде болса мынаның да тісі жоқ-ау...

Қонақтардың отырысы ұзаққа созылды. Қызара бөртіп, қарқ-қарқ күлісті. Шешем біресе қазан-ошаққа, біресе үйге жүгіріп әбден әбігер болды. Әкем болса «Бұлар қашан кетеді» дегендей ара-тұра далаға шығып, мал жақты бір қарап келеді. Бала болсам да жүзінен мазасыздықты байқадым. Сондықтан дәу қарындардың тезірек кетуін іштей қаладым.

Қонақтар тысқа шықты-ау... Іргеде топырақ үйіп ойнап жүрген бізге тесіле қарады. Дәу қарын ту сыртымызда ойнақтап жүрген Ақботаға ашқарақ көзімен ішіп-жеп қарап тұрды да, әкеме жалт қарады.

-Бағанадан бері мына марқаны неге соймағансың? Сірне жеп бір қарқ болар едік қой - деді.Әкем мұны күтпесе керек:

-Бәке, сірне жегіңіз келсе, мал жетеді ғой - деп келе жатыр еді, дәу қарын шорт кесті.

- Әй, сөзді қой. Мен саған мына марқаны сой деймін - деді. Әкемде үн жоқ. Өңі бір бозарып, бір сұрланды. Кенет:

- Бәйбіше, әкел ана малды - деді бұйыра. Шешем де күтпесе керек, селк ете қалды. Қипақтап біздерге қарады да:

- Жүгіріңдер, үйге кіріңдер - деді. Мен Сәлиманы жетектеп, Мұратты ертіп үйге кірдім. Есіктен сығалап қарап қоямын. Әкем Ақботаны ұстап алып, аяғын жіппен байлап жатыр екен. Ақбота да бір жамандықты сезгендей ұзақ маңырады. «М-м-м-ә-ә-ә...» Әкем сәл үнсіз тұрды да Ақботаның тамағына пышағын тақай берді...

Есіктен ытқып шыққаныммен, әкемнің пышақ ұстаған қолына жармасып үлгермедім. Орылған тамақтан қан шапшып, бұрқ ете қалды. Мен шыңғырып жібере жаздап, аузымды баса қойдым.

Одан кейінгісі есімде жоқ. Тек есімде қалғаны... Ақботаның бақырайған көзінен жас ағып жатыр еді...

Сол күннен бастап мен жиі ауырып қала беретін болдым. Әсіресе, ет көрсем лоқси беремін. Шешем аудан орталығындағы тәуіптерге көрсетіп жүріп, бетімді бері қаратып алды. Ал әкем мал бақпайтын болды.

Біз ауылға көшіп кеттік...

 

  1. ҚИЯЛИ ҚЫЗ

Оны барлығы «Қияли қыз» дейтін. Тіпті шын аты кім екенін де білмейді екенмін. Сұңғақ келген, әдемі. Бірақ елдің оны не үшін бұлай атайтынын түсіне алмадым. Ол келе жатқанда «әне, Қияли қыз келе жатыр» дейтін. Кейбірі тіпті қыздарына ұрсар болса «әлгі Қияли қыз құсап көкте ұшып жүрмей есіңді жи» дейтін. Бір білерім жетім қыз. Әке-шешесі қайтыс болған. Аға-жеңгесінің қолында тұрады. Олардың үйлері біздің көшеге көшіп келіп, біз көрші болатын болдық. Таныстығымыз да сол күннен басталды.

Көшенің басында кішкене ғана өзен болушы еді. Ауылдың бар баласы сол өзенге суға түсіп, балық аулайтын. Бір күні өзен жағасына келсем,өзен жағасында ағын суға қарап, Қияли қыз отыр екен. Бір қарағанда жансыз бейне ме дерсін. Қатып қалған. Ағын судан көз алмайды. Күн де кешкіріп қалған. Күн қызарып, ұясына батып барады. Бір түрлі денем тітіркеніп кетті. Ойыма небір қорқынышты ойлар келді. Елдер бұны бекер қияли дей ме? Бәлкім, шынымен есі дұрыс емес шығар? Бойында бірдеңенің шалығы болмаса, кешқұрым осылай отыра ма дені дұрыс адам? Отырған отырысы да бір түрлі екен өзінің. Мүсін дерсің. Суға қарап неменеге тесіліп алған өзі? Әлде... Су перісі ме екен? Денем дір ете қалды. Не болса соны ойлаймын деп, денемнің қалтырай бастағанын сездім. Қой, қайтайын. Күн алаң-елең уақытта шайтандардың да кезіп жүретіні бар еді. Әлде қияли қыздың кейпіне еніп алған шайтан ба екен? Енді шын қорқайын дедім. Жүрегім су-су етіп, аяқ қолым дірілдеп кетті. «Апа» деп айқайлауға шақ қалғанда, әлгі жансыз бейне қозғалды да басын бұрып мен жаққа қарады. Жымиып:

– Келсеңші. Танысайық - деп тіл қатты. Не барарымды не бармасымды білмей состидым да қалдым. Менің бел шеше алмай тұрғанымды байқады-ау деймін.

– Кел, қорықпа - деді күліп. Бұл тұрысымның сөлекет екенін білдім де, қозғалып қасына бардым.

– Кел, отыр - деді де менің отырғанымды күтпестен сөйлеп кетті.

– Мен осылай кешқұрым табиғатпен сырласқанды ұнатамын. Сендер жақта жақсы екен. Өзендерің бар. Мен өзенді жақсы көремін. Әсіресе оның сылдырай аққан дыбысын естіп, мен де оған жүрегіммен үн қатамын. Тыңдашы... Құлақ салшы үніне. Қандай керемет. Жүрегіңнің алыс түкпірінде жатқан үнге үн қосатындай... Көзін жұмып алып, басын шалқалай үнсіз қалды. Мен түк те түсінбедім. Не деп тұр өзі. Қайдағы үн? Өзеннің ағысында да үн болушы ма еді? «Жүрек үні, өзеннің үні....» Не деп кетті өзі? Ел бекер айтпайды екен. Шынымен есі дұрыс емес екен. Қой қайтайын деп ойлағаным сол тағы сөйлеп кетті.

– Жанға жайлы тыныштық. Қандай рахат. Тыңдашы. Өзеннің үніне құрбақа мен шегіртке де қосылып, ән салып тұрған жоқ па? Қандай үйлесімділік? Табиғат ананың шеберлігі – ай десеңші. Тұнып тұрған музыка. Тұнып тұрған лирика ғой. Әттең ақын болғанымда, осы көріністі қағаз бетіне түсірер едім. Жо-жоқ, егер мен музыкант болғанымда осы үнді нотаға түсірер едім. Әттең...

Мүлдем үнсіз қалды. Мен кетуге айналдым. Кетпесем, болмас. Миым да ашып кетті. Өмірімде естіп көрмеген қай-қайдағы үн, лирика деп әбден шатастырды. Өзі бұл сөздердің бәрін қайдан жаттап алған? Бұрын-соңды бұндай сөздерді естіп көрмеген маған ол мүлдем жұмбақ жан боп елестеді. Басқа адамдарға ұқсамайды. Сөйлегені де, қылығы да бір түрлі. Қозғала бергенім сол, тұншыға жылаған дыбысқа жалт қарадым. Өз көзіме өзім сенбедім. О, тоба, жаңа ғана сөйлеп отырған ол енді жылап отыр. Тізесіне басын қойып, егіле жөнелді. Мен шындап сасайын дедім. Мұнысы несі тағы? Адам өздігінен жылай ма екен? Ешкім ұрған жоқ, соққан жоқ. Отырып, отырып жылағаны несі? Состидым да қалдым. Не дерімді де не істерімді де білмедім. Бұндай жағдаймен бұрын соңды бетпе бет келіп көрмеген басым шындап сасайын дедім. Не деп жұбатсам екен? Аңтарылып тұра беріппін.

Бір кезде өзі бірінші болып тіл қатты.

– Сен де маған басқа адамдардай таңырқап қарап тұрсың ба? Жоқ әлде қорқып тұрсың ба? Қорықпа. Мен тек... осылай жылап алсам жеңілдеп қаламын. Саған рақмет. Менен қашып кетпей тыңдағаныңа... Тұрып кете барды. Ал мен соңынан қарап тұрып, бір түрлі аяп кеттім. Бақытсыз жан деп ойладым. Бірінші рет жүрегімде аяушылық сезімі оянды.

Сол күннен бастап қияли қыз есімнен кетпейтін болды. Не қылған жан өзі. Басқа адамдардай емес. Мүлде бөлек. Ол неге жылайды? Жүзі неге мұңды? Ол айтқандай өзен жағасына барып мен де құрбақа мен шегірткенің үніне құлақ салып көремін. Жәй ғана дыбыс. Шыр-шыр, құр-құр еткен дыбыстар. Ешқандай да үйлесімді көре алмадым. Қайта отыра-отыра ұйқым келіп кетті. Қой, мен де қай-қайдағы қияли қыздың айтқанына елігіп, бір күні өзім де қияли болып қалмайын деп ойладым. Сынықтан басқаның бәрі жұғады деуші еді.

Қора жақта күйбеңдеп жүрген шешемнен:

– Апа, елдер неге көшіп келген қызды «қияли қыз» дейді - деп, сұрадым. Апам істеп жатқан жұмысын тастай салып, маған аңтарылып қарады да, сосын қайта күйбеңдеп тірлігін жалғастыра берді. Үндемеді.

– Мен оны ылғи су жағасынан көремін. Өзі бақытсыз сияқты.

– Е, оның бақытсыз екенін қайдан білдің - деп, апам бетіме бақшия қарады.

– Жүзінен. Өзімнің бұлай үлкен кісілерше жауап бергеніме өзім таң қалып қалдым. Мен де бір түрлі сөйлей бастаппын-ау.

– Әй, көрінген нәрсеге бола басыңды қатыра берме. Бар, жүгір су алып кел - деді апам.

Үй-үйдің арасымен келе жатып, шаң-шұң еткен дауысқа елең ете қалдым. Қатты айқалап сөйлеген әйелдің даусы қияли қыздың үй жағынан шығып жатыр.

– Кешке дейін ел кезіп жүргенше бір жағыма шығысса болмай ма? Құдай-ай, менің басыма делқұлы жындыны масыл қылып қойғаны-ай. Не жынды емес, не сау емес. Көзі де бір жаққа құрып кетпеді-ау өзінің. Не бай да алмады. Мұндай ауышты бай да алушы ма еді. Сорлы болған басым-ау - деп айқайлап жатқан қияли қыздың жеңгесі болды. Бір кезде шыңғырған қыздың даусы ерекше жанұшырып шықты. Есім кетіп, жүгіріп барғаным сол, өз көзіме өзім сенбедім. Долданып алған жеңгесі қияли қыздың шашынан ұстап алып, таяқпен аяусыз ұрып жатыр екен. Байқұс қыздың белі қиралаң-қиралаң етеді. О, Алла, үп-үлкен қызды да осылай ұруға бола ма екен? Одан ары қарап тұруға жүзім шыдамай, үйге қарай жүгірдім. Жанұшырып келем. Құлағымнан қияли қыздың шыңғырған даусы кетпейді. Үйге жете бере айғайлап:

– Апа, бар ғой... ана бар ғой.. қияли қызды жеңгесі таяқтап ұрып жатыр - дедім ентіге. Жүрегім қатты соққаннан тарсылдап кетті.

– Тәйт, ұрғаны несі? Апам да селк ете қалды.

– Шын айтам. Қарғап-сілеп, ұрып жатыр.

Апам сүріне-қабына, жанұшырып қияли қыздың үйіне кетті. Ал мен ентігімді баса алмай әрі көз алдымнан бағанағы аянышты оқиға кетпей есеңгіреп тұрып қалдым.

Бір кезде ентігіп, жүзі қап-қара боп түтігіп кеткен, апам келді.

– Жаман қар, менің кеудемнен итереді ғой. Араласпа дейді. Араласпай не болыпты ел аман жұрт тынышта соғыс ашып. Ол да бой жетіп отырған қыз емес пе? Құлындай сабап, шыңғыртқаны несі-ей. Әлде сұрауы жоқ деп, осылай басынуға бола ма екен? Е-е, әке-шешенің көзі кеткеннен кейін болды. Тірі жетім, сұраушысы жоқ болғаннан кейін білгендерін істейді де. Әйтпесе, оң жақта босағада отыратын қызды апарып қор қылғандарын айтсаңшы. Апам бұр-сарқ етіп басылды. Жеңгесінің тілі тиген-ау шамасы. Бір кезде отырып-отырып өз-өзінен сөйлеп кетті.

– Әке-шешесі жақсы адамдар еді. Ол кезде бұл қыз кішкентай болатын. Үште ме екен, төртте ме екен... Әйтеуір ес білмейтін бала. Көрші ауылға бір тумалары қайтыс болып, соның қайтқанына бара жатып, ақыры өздері де жол апатынан қайтыс болды. Ағасы да кішкене. Екеуінің асыраушылары болмаған соң, оларды балалар үйіне тапсырды ғой. Жігіттің шешесі бар еді. Ол жетімдерге қалай қарасын. Өзі де сүйегін саудыратып отырған өлмелі кемпір болатын. Е, басқа бермесін. Бір үйдің шаңырағы ортасына түсті деген осы да. Содан бұл екеуі он сегізге толғаннан кейін ауылға қайтып оралды ғой. Ел болып көмек беріп, ағасын үйлендірді мына көкбетке. Әйтеуір қарындасына қорған болады ғой деп. Қыз бала бір жөнін табар деді. Оны елдер сан саққа жүгіртіп, «қияли екен, есі ауыш екен» деді. Түгі де жоқ. Әшейін оның жаралы жанын ел қайдан түсінсін. Көрмегені бар ма ол сорлының. Апам терең бір күрсініп алды да, теңселе басып, қора жаққа кетті.

Апамның әңгімесінен кейін қияли қызды шындап түсіне бастадым. Небір сезімдерге беріліп жүргені де жанының жалғыздығы екен ғой. Дәл қазір жаны жараланып, өзен жағасында жылап отырған шығар деп ойладым. Жүгіріп, су жағасына келдім. Ойлағанымдай-ақ «қияли қыз» өзен жағасында отыр екен. Келген мен екенімді сезді-ау деймін. Бұрылып та қараған жоқ.

– Адамдар неткен қатыгез. Өмір сүру неткен қиын еді. Айқайлап айтсам, мұңымды кім түсінер. Менің жүрегімнің зарын кім тыңдар. Адамның жаны жалғыз деуші еді. Менің де жаным жалғыз. Бұл жалғанда мені түсінетін адам жоқ. Бәрі маған тосырқай қарайды. Жаратылысыма таңдана қарайды. Мен де адаммын. Тек бір нәрселерді іздейтінім болмаса. Шіркін, алыс бір жаққа кетіп қалсам ғой. Сонда мына қорлықтардан да, мазасыз күйден де арылар ма едім,- деп сөйлеп кетті. Мен не дейін. Үнсіз тыңдай бердім.

– Сен әлі кішкентайсың ғой. Бірақ ересекпін деп жүрген адамдардан әлдеқайда ақылдысың. Кейін сенен үлкен адам шығады Мен саған сенемін. Кейін сол кездерде сен мені ұмытпашы, жарай ма? Мені есіңе алып жүргейсің. Өйткені менің сенен басқа ешкімім де жоқ.

Жымиып бетіме қарады. Қапаланып, жылап отырса да бетінен мейірімнің шуағын көрдім.

– Түсінесің бе, менің өмірім тек осылай өтеді. Жыласам, жүзімді мына өзен жуады. Мұңайсам, үніме құрбақалар құлақ түреді. Менің кірлеген көңілімді тек су ғана шая алады - деді.

Кейінгі кезде көп ойланатын болдым. Қияли қызды аяймын. Мына өмірде содан жаны таза адам жоқ сияқты елестейді. Шіркін, оған көмектесе алсам ғой. Оның жадыраған түрін көрсем ғой. Мына тірлігінен құтқара алсам ғой. Шіркін, шіркін....

Қанша іздесем де өзен жағасынан қияли қызды көре алмадым. Келмегеніне көп болды. Оның келмей қалуы мүмкін емес. Не болды екен? Әлде ауырып қалды ма?

– Апа, өзен жағасына қияли қыз келмейтін болды? - дедім апама. Апам бір күрсініп алды да:

– Оны несіне іздей бересің? Сорлы болғаны аздай тағы да сорлап қалған жоқ па ол байқұс - деді.

– Сорлағаны қалай? Оған не болды ? - дедім түк түсінбей.

– Сол өзен жағасына сен де бара бермеші - деді де апам шығып кетті. Түк түсіне алмадым. Кейін білдім. Өзен жағасында отырып, кештетіп үйіне қайтып бара жатқанында ауылдың бұзақылары зорлап кетіпті. Естігенде төбемнен жай түскендей болды. Есеңгіреп қалдым. Өмірден таяқ жегені аздай бұл қайткені? Енді не болады? Бұл қасіретті ол көтере ала ма? Онсыз да жаралы жүрегі қан жылап жатқан шығар?

Оны көре алмадым. Үйінен де шықпады, өзен жағасына да келмейтін болды. Бірнеше күннен кейін оның жоғалып кеткені туралы суық хабар естідік. Көрдік-білдік деген адам болған жоқ. Адамның бұлайша із-түссіз жоғалып кетуі қалай? Тіпті өлігі де табылмады. Оны көрем бе деген үмітпен жүгіріп өзен жағасына барамын. Жоқ. Ол келмеді.

Содан бері көп уақыт өтті. Қияли қызды көрдім, білдім деген адам болған жоқ. Тек оның бір сөзі жадымнан шықпайды

– Менің кірлеген көңілімді тек су ғана шая алады - деп еді. Бәлкім, суға ағып өлді ме екен? Бірақ бұл туралы ешкімге айтпадым. Кейбір адамдар:

– Ойбай, кешқұрым су жағасында су перісі отырады екен. Оны бірнеше рет көргендер де бар - десіп шуласып жүрді.

Ал мен оның қияли қыздың елесі екенін іштей сезіп жүрдім. Ол енді адамдардың қиялдарында ғана елес береді.

Сіздің ше? Көзіңізге көрінбеді ме?

 

Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ (Айшатай)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.