Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

Құйын

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 14.05.2018
Оқылды: 326 Печать страницы

Құйын

(хикаят)

– Таздың үйіне бар. Таздың үйіне бар. Тұрахан таздың үйіне бар, -деп күндегі әдетіммен Келдіқабаайғайын салып Желдісайдың уілдеп соғып тұратын желінен көтерілген құйынның артынан тұра жүгірді. Шаң-топырақ, қиыршық тас пен шөп шаламды диірменнің тасындай шыр айналдырған құйын оны қаңбақтай іліп әкетіп, табанын жерге тигізбей жұлқа жөнелді.

Аспан төңкеріліп жерге түсті. Жер аспанға барып ілініп қалғандай... Ол жер мен көктің ортасында жұлдыздай аққан алып бір кеменің ішінде зырылдап бара жатты. Бір қараса бағана ғана қаңбақтай ұшып, құйынның ішінде жұтылып кеткен байғұс бала өзін қыса ұстаған жып-жылы бір құшақта, құшақ болғанда да әйел затының отты бауырында кетіп барады екен. Есі бір кіріп, бір шықты. Сонда байқағаны, құйын дегені шаң-топырақ, шөп-шалам емес – аяғы жерге, басы көкке тиген, киімнің орнына қою қара шашымен денесін бүркеген ару қыз. Сол ару қыздың аяғы қара жерге бір тиіп, бір тимей оны әлдеқайда алып зулап барады. Қатты жүгіргенде шашымен бүркеген денесі ашық қалып, қос емшегі салбырап аяғына оратылады. Ол кеудеден аяғына дейін жететін омырауын кезек-кезегімен қолымен іліп алып, иығынан асыра лақтырып жібереді. Ұзын пәле сусып тағы аяғына оратыла түсті. Егер де сол емшектері болмағанда Келдіқаба қазір жұлдыздай ағып малды ауылдан тым ұзаққа кетіп қалар ма еді. Бағына орай қыздың омырауы жүрісін тұсаулап келеді. Сонда да аса қатты жылдамдықпен зулап бара жатқанын сезді.

Көзін бір ашқанда шыңынан ақ тасы құйылған Ақкердіңшоқысы көрінді. Екінші ашқанда мүлдем қарама қарсы беттегі Ойқарағайдың қарағайлы беткейінде домалап бара жатты. Тағы бір есі кіргенде Айдардың шоқысы тұрды, көкке тұмсығын шүйіріп. Енді бір қарасаҚасқабұлақтың қарағайының жанынан зулап өтіп барады екен. Әне, Қылкөпір... Сүтемген сайы... Қожағұл сайы... Тоқсанбай сайы... Бағыл сайы...Себдайыр сайы... Құйын-қыздың құшағында Қарабастаудан көктей өтіп, Байпаққа ілінді. Байпақтан – Есекартқан. Есекартқаннан құлдилай төмендеп Текес өзеніне қарай зырлап келеді.

Қақ алдында қасқая қараған – Хан-Тәңірі. Ол емес, КелдіқабаныХан-Тәңірі шыр көбелек айналып тұрғандай көрінеді. Түсінесіз бе, Келдіқаба қаққан қазықтай ортада тұр. Оны Үйсін тау да, анау аспанмен тілдескен Хан-Тәңірі де, мынау Ақкердің шыңы да, аяқтың астындағы Жабырдың жалпақ жотасы да айналып жатыр, айналып жатыр. Тау емес, Келдіқабаеді құйын-қыздың құшағында жынды көбелектей шыр айналған.

Өстіп жатып есінен адасты. Жып-жылы құшақта тұрып құлап қалмайын деп қолынқұйын-қыздың омырауымен орап алғанын біледі. Оның омырауына тұңғыш рет еркектің қолы тиген болуы керек, дір етті. Бетінен қызыл от лап етіп тұтанғандай қызарып кетті.

Есін бір жинаса, Текестің жағасында тұр. Беті жыбырлап қана жылжыған өзінің Текесі адам кейпінде оған тіксіне қарап тұрғандай... «Бұ ғұмырда менің көргенімнің бірін де көрмейсің» дейтін сияқты.

Аяғына қарады – кісен... Алға бір қадам басып еді, кісені сылдыр-сылдыр етті. Келдіқаба отыра қалып сол кісенді шешпек болып тартқылай бастады. Темірді үзер күш шынашақтай Келдіқабада қайдан болсын, жылап жіберді. Жылап жіберді де жан-жағына қарады.

Қап-қараңғы қапаста отыр екен. Темір торлы кішкентай ғана терезеден болмашы сәуле құйылады.

Сол сәулеге қарай ұмсына түсті, байғұс бала...

 

***

 

Келдіқабакөзінің қиығын жарына қарай салғаны сол еді, Ізет сүріне-қабына орнынан атып түрегелді.

– Мына, балаларды жер жұтты ма? Әкелеріңнің ерніне бопыразынқыстырмайсыңдар ма? Кенезесі кеуіп барады ғой. Бол, тез!

Мэлс Келдіқабаның төсегінің үстінде жатқан шақшаны (махорка салатын құтысын «шақша» дейтін) ала салып, махорка ширатып, әдемілеп қағазға орады. Сосын темекіні тұтатты да, әкесінің аузына тістете а қойды.

Дерті меңдеп, әлсіреп жатқан Келдікең бар күшін жинап, көк түтінді құшырлана бір сорып, үрлеп кеп жіберді. Аузынан түтін, маңдайынан тер бұрқ етті.

Екі шекесіне шеге қағып тастағандай тырысып, солқылдап ауырып бара жатыр еді. Бір жұтым көк түтін сол мық шегенің түбін сәл де болса босатып жібергендей денесі бусана қалды.

Келдіқаба кемпірінің бетіне тесіле қарады. Қалың көзілдірігінің ар жағындағы қарашық шарасынан шығып кетердей тыпыршып кетті.

 

– Ой, сен де... Балалардың мазасын алып бітетін болдың ғой. Алматыдағы Анар мен Қосынды әурелеп не қыласың? Жұмыстарын істей берсін де. Жағдайың тым нашарлап бара жатса, шақырамыз ғой.

Ауруы асқынып, ажал үзеңгісіне аяғын іліп жатқан шал маңдайын тырыстыра қабақ шытып, отты көзбен кемпірін түйреп өтті.

 

– Ойбай, көтек... Не дейді? Әзір өлмейсің. Кешір мені, шал-ау, кешір! Қазір, қазір-ақ он екі балаңды түгелдей алдыңа келтіремін. О несі-ей, ашуланып.

Шешесінің өзімен-өзі сөйлесіп, аузы дамыл көрмей жатқанына Мэлс күліп жіберді.

 

– Әпке, әй, әпке (шешесін «әпке» дейтін )осы сен шалыңның көзімен сөйлесе бастағаныңа қанша жыл өтті?

 

– Е, оны қайтпек едің?

 

– Жоғада, ағам (әкесін аға дейтін) бірқараса болды, жаныңды қоярға жер таппай сарнап қоя бересің. Әншейінде байқай бермейді екенмін. Тілі бар ғой, сөйлесінде бір рет. Тым құрыса өмірінің соңында арыз-арманын аузымен айтсын.

 

– Тәйт әрі. Әкеңді мазақтайын дедің бе? Қатындарыңды ауызбен айтыпта, таяқ пен ұрыпта тезге сала алмай жүріп, менің жаман шалымды әжуаламай-ақ қойыңдар. Пішту. О несі-ей!

 

Ізет апа телефон тұтқасына жармасып, балаларын түгендеуге кіріскен.

Бір жұтым түтінге маңдайын терлетіп, буын-буыны босаған Келді қаба көзін жұмды. Көзін жұмғаны сол еді, құйын іліп әкетті. Сосын салдыр-сұлдыр етіп ашылып жатқан түрменің есігі көз алдына келе қалды. Аяғындағы кісенін сылдырлатып, баяу басып абақтыға, абақты емес-ау, зынданға кіріп келе жатыр. Кенет, кенет кеудесінен әлдебір күш итеріп жіберіп, омақаса құлады. Аяғындағы кісенге шалынып жығылған байғұс қайтып түрегелем дегенше, түрменің есігі тарс етіп жабылып, ішінен кілтпен сырт-сырт етіп бекітіліп қалды. Арғы жақтан «әке, әке» деп жанұшыра айғайлаған Анардың дауысы естілді. Сол дауыспен қабаттасып «не үшін, не үшін?» деп темір есікті тарс-тарс соққылап жатқан Қосынның айқайы құлағын тұндырып жіберді.

Келдіқаба ақсақал құлағын алақанымен бітей қойды. Сонда да анау үн жаңғырып, бұрынғыдан бетер күшейіп барады. Жанын қоярға жер таппаған Келдіқаба басын көтеріп, көзін ашып кеп жіберді. Өз үйі, өлең төсегі. Қазақ радиосында Шәмшінің әні шырқалып жатыр. Шалының тағы да тым құрыса екі-үш минут көз шырымын ала алмағанына қиналған кемпірі Мэлс орап дайындап кеткен темекінің бірін аузына сала салып, тұтатып жіберді.

– Ой, Құдай-ай, әлгі Мэлс қайда кетті? Шалдың бопыразынтұтатып бермей.

Кемпірі көк түтінді бұрқ еткізгенде ащы жапырақтың иісі Келдіқабаның тарылған тынысын ашып жібергендей болды. Түтіннің иісін құшырлана бір иіскеп алды да талықсып бара жатты.

 

***

 

Келдіқабаны құйын іліп әкеткен Желдісай көп ел қоныс етпейтін, шіліңгір шілденің өзінде қары ерімей құрттап жататын табиғаты қатал сай еді. Тәулік бойы желі бір тынбай азынап тұратын. Ешкім қоныс етпегеннен кейін шөбі шүйгін, малға жайлы еді. Осыны сылтау етіп, ел жайлауға көшкенде молда-әкесі жұртта қалатын.

Ал Желдісайдың қысы... КелдіқабаЖелдісайдағы қысты есіне түсірсе, жүрегі шым ете қалар еді. Түкірген түкірігің жерге тырс етіп мұз боп түсетін қысты көрген жан бар ма екен, жалғанда... Көрмеген адамға оны сыпаттап беру қиын-ау...

Қысын былай қойып, жаздың өзінде желі гулеп, әлсін-әлсін құйын көтеріліп топыраққа көміп кететін, қалың тон кимеген адамды тоңдыратын осы бір мекенге тұрақтап қалу ақылы бар адамға оңды іс емес сияқты.

Сөйтсе, молда-әке жауы келе алмайтын, келсе де ұзақ тұрақтап тұра алмайтын осы бір табиғаты қатал сайды таңдап алған екен де, осы таудың патшасындай қамсыз өмір сүріпті.

Қол жинайтын күші, тұяқ серпер елі жоқ болғасын да жеке басының азаттығын табиғаттың күшімен сақтап, бір күн болса да еркіндіктің ауасын жұтқысы келіпті.

Басы бостан болуы үшін Желдісайдың шайпау мінезінен медет тілепті, молда-әке!

Күніне құйын бірнеше рет көтеріледі. Құйын көтеріле сала молда-әкесі: «Таздың үйіне бар, таздың үйіне бар. Тұрахан таздың үйіне бар» бар деп өзімен-өзі күбірлеп отыратын. Бұл ол кісінің Құдайға жасаған мінәжаты секілді, Келдіқабаға да солай айту парыз сияқты көрінуші еді.

Содан болар не ойнайтын бала, не басқа алданышы жоқ іші пысқан ол байғұс құйын қашан көтерілер екен деп аңдып жүретін. Құйын көрсе болды, жүгіре жөнеледі. Молда-әкесі айтатын әлгі сөздерді айғайлап бара жататын. Ол кезде құйынға қарай жүгіру өзіне өте қатты ұнайтын ойындардың біріне айналған-ды.

Тұрахан деген молда-әкесінің досы. Басында бір тал қылпық жоқ, таз адам еді. Бірде молда-әкесініңдостары үйге келген кезде құйын қуалаймын деп күлкіге қалғаны бар.

Ол жолы күлкіге қалып еді, содан бері міне, жетпіс жыл өтті құйынға қарсы жүгіремін деп аяғына салып алған кісенді әлі шеше алмай жүр, Келдіқаба!.

 

***

 

Тамыздың тынымсыз түндерінің бірі. Дырылдаған трактордың ішіндегіКелдікеңнің тұла бойы діріл қағып күздік бидай егетін егістікті жыртып жүр. Алдына түскен жарыққа шыбын-шіркей мен жындыкөбелектер үймелеп ұшып тыным таппайды. Газды басып кеп жібергенде сәулеге ұмтылған бейшаралар трактор мұржасындағы қарақошқыл түтінге көміліп қалады.

Келдікең ара-тұра артына ілген соқаға, соқаның үстінде тарбиып отырған Әлжаппарға қарап қояды. Әлжаппар шегірткенің шырылы мен бақаның құрылын, гүрілдеп жатқан Қысаңның суының дауысын жұтып қойған трактордың сүйкімсіз дырылына ырғала билеп отырғаны. Енді бір қарағанда қара темірге қонақтаған қап-қара қарғаға ұқсап кетеді. Егістіктің басына барғанда соқаның тісін көтере қояды. Сосын соқаның алмастай жып-жылтыр тісіне шөп-шалам оратылып қалмауын, үлкен тас тиіп, күл-паршасын шығарып, сындырып кетпеуін бағып отырады.

Келдікең алдына қарайды. Алдына қарайды да соңғы кездері оқып жүрген тарихи көркем шығармалардағы кейіпкерлердің тағдырын өз талқысына салып, ненің рас, ненің өтірік екенін таразылай бастайды.

Өмірі мектеп табалдырығын аттамаған Келдікең оқуды да, жазуды да өз бетімен үйренді. Баққан әкесі ел-жұртқа аты мәлім молда еді. Сол молда-әкенің арқасында діни сауатын ашып, кейін Қытайдан оралған соң, бұ жақтың да жазу-сызуын ұғып алды.

Оқыған кітаптарындағы оқиғалармен өз өмірін салыстырады. Салыстырады да, күліп жібереді. Жастай жетім қалған Келдіқаба жетімдік дегеннің не екенін білмеді. Жазушылар жетім баланың тағдырын жазғанда қиялына ерік беретін болса керек. Әйтпесе, қазақтың жесірі де, жетімі де болмаған.

«Төрт ағайынымның ішінде қайсысы жетімдік көрді? Ешқайсысы да. Бәрімізге пана болар туыс табылды» деп өзінен-өзі күбірлеп қояды Келдіқаба.

Сол туыстың арқасында Қытайда қалып қоймай, Сәбетке келмеді ме? 1954 жылы ашылған шекара 1963 жылы қайта жабылып қалды. Құжаты жоқ болған соң, өзін баққан молда-әкеден, тумаса да туғандай болған бауырларынан ажырап қалған еді, Келдіқаба. Шекара жабылған соң, Сәбетке кетсем-ау деген үміті де үзілгендей болған-ды. Бір күні түнделетіп пар ат жетектеп молда-әкенің үлкен ұлы, яғни өз ағасы Мұстафа келіп тұр. Бір жұртта қалған жетім балаға бола емес, тумаса да туғандай болған бауырын іздеп келді ғой, ағасы. Бір күн тығылып жатып, ертесі Иректің асуы арқылы екеуі Сәбетке асты. Ағасының сол бір жақсылығын қалай ұмытсын! Өз басын қатерге тігіп, темір қоршауды бұзып өту үшін қандай жүрек керек десеңізші. Жүректі еді ғой, бауыры. Шекараны бұзып өткені үшін ағасы екеуі кейіннен жер аударылды. Сонау батыстағы Бөкей ордасына барып қой бағып жүрген жерінен тағы да ағайындары ізденіп жүріп елге қайтарып алмады ма? Орыстың да, Қытайдың да дегеніне көнбейтін асау қазақтың соңғы тұяғы еді, Мұстафа ағасы. Ұлы соғыста өлген Иман ақсақалды ұрлап Қытайға асырып әкеткен, жасын былай қойып, ауылының сексендегі селкілдеген шалын да көмусіз қалдырмайтын Мұстафа еді ғой ол. Оқу деген адамды қияли етеді. Сол қиялилықтан Келдікең де ада емес еді. Терең ойдың орманына бір кірді деген сөз оқығаны мен көргендері мидай араласып, әлгі орманнан қайта шығар жол таппай қалатыны бар. Адаса бересің, адаса бересің.

Келдіқаба сол орманда адасып жүргенде артына бір қарап қоюды есінен шығарып алып еді. Трактордың даусынан үркіп, қақ алдынан пыр-пыр етіп бөденелер ұшты. Сол бөденелер Келдікеңнің есіне Әлжаппарды түсірді.

Келдікең артына бұрылып, соқаға жалт қарады. Бағана ғана қарға секілді соқада қонақтап отырған Әлжаппар жоқ. Трактордың үнін өшірді де далаға атып шықты. Әлжаппар жоқ! Келдікең жүгіре жөнелді. «Бітті, біттім. Аман болса жарар еді. Ұйықтап кетіп, жазым болды-ау, бейшара».

Қараңғы түнде далақтап жүгіріп келе жатқан Келдіқаба әлденеге шалынып жығылды. Сіріңкесін жағып жіберіп қараса, Әлжаппар жатыр тырайып. Соқаның өткір тісі дәл басын жаныштап өтіпті. Байғұс жігіттің басының мылжа-мылжасы шығып, тіл тартпай кетіпті. Келдікең не істерін білмей басы ауған жаққа жүгіре жөнелді.

 

***

 

Келдіқаба көзін шарадай ашып алып, жан-жағына қарады. Аз да болса көз шырымын алған екен. Тынығып, ширап қалғандай көрінді. Шалын күтем деп шаршаған кемпірі Келдікеңнің қолынан ұстап төсектің аяқ жағында пырылдап ұйықтап отыр. Келдіқаба сәл қолын тартып еді, кемпірі ұшып түрегелді.

 

– Шал-ау, не қажет?

 

Келдікең темекісі тұрған үстелге бір қарап қойды. Ізет апа шалының аузына бопыразды тістетіп, сіріңке жаға қойып еді оттың жалыны қас-кірпігін күйдіріп жібере жаздады. «Ойбай, көтек» дей сала езудегі темекіні жұлып алып, өз ерніне тістеді де, көк түтінді бұрқ еткізді. Шал бопыразын құшырлана бір сорып алып, аузынан будақ-будақ түтін шығарды. Ішіндегі күйігі сәл болса да басылғандай маңдайы жіпсіп, жаны рахат бір күйге еніп бара жатты. Осы күйді тағы да сезінемін бе деп, көк түтінді үсті-үстіне жұтып-жұтып жіберем деп шашалып қалды. Шашалудың соңы ұзақ жөтел. Жөтеліп жатып, кемпіріне сұраулы жүзбен тағы бір қарап қойды.

 

– Айттым бәріне... Таң ата бала-шағаң түгел жиналады. Уайымдама, бірі қалмай келеді.

Келдікең енді жанарын төмен жылжытты.

– Бәрін, бәрін тазаладым. Осы сен шал күйгелек болып барасың ғой. Шал бұл жолы отты жанары жарқ етті де, кемпіріне тесіле ұзақ қарап тұрып қалды.

 

– Ой, Құдай-ай, біресе балаларды шақыр, біресе шақырма деп... Мені ерігіп жүр деп ойлайсың ба? Не дейді, ойбай... Анар мен Қосынды қайтпексің? Жарайды, жарайды қойдым. Сенің айтқаның-ақ болсын! Әкелерің екеуін ғана көргісі келеді деп айтайын. Осы сен шал алжығаннан саумысың?..

 

Келдікең басын ірге жаққа бұрып әкетіп, көзін жұмды. Кірпігін айқастырмауға бар күшін салғанымен, ырыққа көнер емес. Көзін жұмғаны сол еді, құйынның ішінде, әлгі ару қыздың қолтығында кетіп бара жатты. Көзін ашып, қайта жұмды. Бұл жолы түрменің есігінің алдында кісенделіп тұрғанын көрді. Темір есікке кібіртіктей барып, кіре бермек болып еді, біреу итеріп жіберді. Тұрам дегенше есік те жабылды, ар жақтан «әкелеген» Анардың ащы да даусы естілді. «Не үшін, не үшін?» деп Қосыны темір есікті ұрғылап жатыр. «Байғұс балаларым-ау! Балапандарым-ау!»

 

***

 

Әлжаппарды соқаның астына түсіп қайтыс болған соң, Келдікең бірер ай темір торлы абақтының ас-суынан дәм татты. Бірлігі мығым ел-жұрт жақсы еді ғой ол кезде... Ауылдың ақсақалдары араағайын болып жүріп кешірім әперіп, бостандыққа шықты. Үкіметтің темір есікті түрмесінен босауын босады-ау, бірақ дәл сол күннен бастап өз-өзін сананың абақтысына апарып қамады.

Сана абақтысының алғашқы жазасы өте ауыр еді. «Келдіке, Келдіке» деп басына көтеріп, қайғысы мен қуанышын тел емген ел-жұрттан ірге бөлуге тура келді. Шекара бұзып, Сәбетке өткенде жер аударылып көрмегені жоқ еді. Балалық күндердің бал дәурені, жігіттік шақтың бар қызығы зымырап өткен туған жерімен, туған еліментағы да қоштасуға тура келді.

Кешірім деген өшкен шырақты қайта жаға алмасын білген шарасыз жанның тағдырдың жазғанына көнуі ғана. «Бір күн болмаса бір күні бала-шағама Әлжаппардың туыстарынан қатер болар» деген ой тыным бермей, жылы орнын суытты. Сосын Алматының іргесіндегі Панфилов ауылына көшіп келіп, жаңа бір өмір бастағандай болды. Бірақ, бұ өмір ауылдағы о өмірден ауыр боларын біліп пе, бұ бейбақ? Сол бір тамыздың түнінде Әлжаппар соқаның астына түсіп кетпесе, Келдіқаба қазір елдің ішінде жүрмес пе еді? Бәлкім, мына бір соры қалың жылдарды көрмес пе еді? «Әй, Құдай-ай! Өз дегеніңді жасайсың ғой»... Келдіқаба ауданның түрмесінде жатып-ақ талай сұмдықты көрді. Тергеуші деген сумаңдаған сұр иттің сұрамайтыны жоқ. Бар кінәңді мойындап отырсаң да, сығып сөліңді алады. Жасамаған қылмысыңды мойныңа қойғысы келіп, қаныңды тірідей ішеді. Бір сұрағанды мың сұрап, жындандырып жібере жаздайды.Сондағы айтатыны:

 

– «Сен Әлжаппарды әдейі, қастандықпен өлтірдің» деген бір ауыз сөз.

 

Көзін жұмса болды, құйынның ішінде кетіп бара жатады. Ол құйын дедектетіп отырып абақтының аузына апара қояды. Сосын, сосын түрменің есігі тұрады көлбеңдеп. Келдікең сол бір сұр есікті көргісі келмейді. Көргісі келмегендіктен жанарын ашып алу үшін жанталасады. Бірақ, дерт меңдегелі бері дұрыс ұйықтай алмаған ақсақалдың кірпігі айқаса кетеді. Кірпігі айқаса сала құйындатып отырып, сылдыр-сылдыр еткен кісенін сүйретіп, әлгі темір есіктің алдына бара қояды. «Әй, дүние-ай, көрейін деген қорлығым осы ма еді»?

 

***

 

Келдіқабаны құйын әкеткен соң, түсінен жиі шошып оянатын болды. Түс көрсе болды, аяғындағы кісенін шеше алмай әуре-сарсаңға түсіп жатады. Сосын, жылап оянады. Мұндайда молда-әкесі баланы бауырына баса қойып, ертегіге бергісіз ұзақ әңгімесін бастайтын.

Бабалары Ташкенттің маңынан қалмақты Сырға, одан Ұлытауға, Ұлытаудан Балқашқа түре қуып, Шуға жетіпті. Шудан да тоқтамай Жетісуды тазартып, төтелей Алтайды бетке алған екен. Сұғанақ орыс Алтайға тұмсық тыққан соң, Алтынемелді сағалапты. Алтынемелден жылжып Алматы, Алматыға кәпірдің бекінісі салынған соң, амалсыз тау-тасты паналауға тура келген. Содан бері бұл тау-тас – Келдіқабаныңбабаларының ата мекені болыпты. Бабалары «бізге ешкімнің әмірі жүрмеу керек» деген ұлы арманмен өмір сүріпті. Көзінің ағы мен қарасы, өз қырғызының қанын өзен ғып ағызып, Қарқарадан ары түре қуып тастағандағы мақсаты да «бұл тауға ешкімді кіргізбеймін» деген сол бір арманның жетегімен болған шаруа еді. Сүмбедегі қалмақтың бұтханасын да тас талқан еткен өз бабалары. Мал ұрлап, барымтамен жүрген қаншама мұңғылдың сүйегі тау-таста көмусіз қалды. Әлі орысқа бағынбаған жерлерден салық жинау үшін үш мың қарулы әскерімен кірген қытайдың қалың қолын екі жүз жігітпенталқандап, өңмеңдеген қытайдың да, алты алашты табанына таптамақ болған орыстың да бетін қайырыпты, бабалары...

Тазабек пен Саурықтың тұсында тау елінің басы ешкімге иілген жоқ.

«Тазекем өз жер-суын қорып келген

Сондықтан шығыспапты орыспенен» деп молда-әке ауыр бір күрсініп алып, ескі бір жырды жырлай жөнелгенде Келдіқаба өксігін баса алмай жылаушы еді-ау!

Тазабектен қорқып, кәпір шен де берді, шекпен де берді. Бірақ, ол елінің бостандығын даңқа айырбастаған жоқ. Кәпірге қарсы ғұмыр бойы соғысты. Қаруы мықты жаудан жеңілген соң, Іле сұлтандығына кетті, мың үйді бастап. Іле сұлтанынан Колпаковский Тазабектің басын сұрап ала алмады. Тазабектің басын тарту етуге сұлтанның да шамасы келмейтін еді ғой, ол тұста.

Орыстың қалың қолы Ілені басып алып, Тазабекті тұтқындады. Ақырында асыл ер Алматының түрмесінде жаудың қолынан ажал құшты. Тазабек пен Саурық жаудың бетін қайтарды. Бірақ, ағайынның жүзі құбыласын өзгертті. Орыс қаруы басқаға емес, өз қанының қолына ілінуі мұң екен, дүние бетін бермей кетті. Келдіқабаның арғы бабаларының батырлығы ұмытылып, тамсану мен таңдану кәпірдің әскеріне жалданған кейінгі туыстарға бұйырды. Бастан бақ тайды.

Ел-жұрт кәпірге құлдық ұрған соң, ханның алдында қасқайып тұратын өр ағайын болыстық лауазым үшін бір-бірімен қырық пышақ болуды бастады. Үш жыл сайын сайлау өтіп, текті тұқымболыс-би болу үшін малын ғарап етеді.

Бар болғаны үш жыл би болмаққа үйір-үйір жылқысын Жаркентке айдап жүрген қазақты көзімен көрген молда-әкеніңіші қыз-қыз қайнайтын.

Шын мәнінде бұл елдің биі де, болысы да, әміршісі де Тазабек пен Саурықтан қалған халық еді. Әлдекімнің біреуге есесі кетсе, төрт-бес жігіт атқа қонып, әлгінің бар малын айдап Қашқар асыратын, Құлжаға айдап әкететін. Қашқар мен Құлжадан айырбасқа түскен үйір-үйір жылқы Келдіқабаның бабаларының малына келіп қосылып жататын. Үйірге үйір қосылды деген сөз малы барымтаға түскен ауыл Келдекеңнің бабасының аяғына кеп жығылатын. Орыстың әділеті жоқ заң-законымен қия басқанын айтып, зар еңірейтін. Есесі кеткен адамның айыбына мал беріп, қазақы заңмен бәрін тең ететін-ді.

Бабалары тау-тасты бөрідей кезді. Таудан етекке түскен емес. Етекке түссе,оларға кезелген кәпірдің мылтығы тұрды. Молда-әкем осының бәрін маған неге айтты екен? Неге тыңдадым, сол әңгімелерді? Неге әліпті таяқ деп білмейтін дүлей болмадым?Неге?

 

***

 

Шалының күрк-күрк жөтелі Ізет апаны оятып жіберді.

 

– Шал-ау, бірдеңе қажет пе?

 

Төсектің басында тұрған жарықты сырт еткізіп жаға қойды. Көкке қарап жатқан Келдікең іштегі бар запыранды сыртқа ытқытып жіберетіндей ауыр бір күрсініп алды.

 

– Ұйықтамағансың ба, байғұс-ау! Өзіңді-өзің қажай бермей демалсаңшы, енді.

 

Келдіқаба ақсақал көзінің қиығын кемпіріне салып еді кемпірі:

– Қазір, қазір, сәл шыда. Түбі түскір шақшаңды жер жұтты ма? Табайын әзір, табайын да ширатайын, ширатайын да аузыңа салайын... – деп өзімен-өзі сөйлеп жүріп шақшаны тапты. Көз ілеспес жылдамдықпен темекі орап, бұрқ еткізіп тұтатты да, шалының аузына апара қойды.

 

– Әй, шал осы саған бопыразыңды тұтатып берем деп жүріп «пианшік» боп кетпесем жарар еді. Әлгі Мәдіге Қытайдың ащы темекісін ала кел дедім. Орап әуре болмай, соны да көр. Бұдан басқа не қызығың қалды? О дүниеге барғаныңда бопыразыңды орап беретін мен жоқпын. Сол үшін де тарт. Құмарыңды қандыр. Келдіқаба кемпіріне жақтырмай бір қарағаны сол еді, әңгіменің ауаны өзгеріп сала берді.

 

– Е, Мәді ме? Е, оны қай Құдай алады дейсің? Бір күн шекараның ар жағында, бір күн бер жағында шапқылап, сауда жасап жүр де...

Ізет апа күмбір-күмбір сөйлеп жатыр. Ал, Келдікеңнің кірпігі ілініп бара жатыр еді.

 

***

 

«Әй, Мәді-ай! Мәдім-ай! Сенің әкең Тәліпақынның азабын да тарттым ғой мен бейбақ»... Тағы да терезесі жоқ тар бөлме. Тағы да тергеушінің алды. Бұ тергеуші басқа адам. Беті бұжыр-бұжыр біреу. Бірақ, түп тектері бір емес пе? Бұл да сумаңдаған сұр ит еді. Ит емес, шибөрі.

 

– Шекаралы ауданнан не үшін көшіп кеттің, айт жаныңның барында! Табаны тастай «Жетісу» етігінің тұмсығымен қырсүйектен бір тепті. Келдікең үйреншікті жауабын жақсы оқитын баладай судырата жөнелді.

 

– Адам өлтіріп, бостандықта жүрмін де, ит! Алақанымен сүйеніп тұрған үстелінің үстін тарс еткізіп бір соқты.

 

– Сенің Әлжаппарды не үшін өлтіргеніңді анықтадым.

 

– Не үшін өлтіріппін?

 

– Тәліпақын есіңде ме?

 

– Ол кім?

 

– Ағаң Тұмарбектің баласы. Қытайдағы ағаңның ұлы. Шекараны бұзып саған келе жатқан жолда қолға түсті. Тыңшы екен. Бауыры Тұмарбектің атын естігенде Келдікеңнің жүрегі шым ете түсті. Үш балалы болған соң, бақиға аттанғанын білетін. Тәліпақын деген соның бір баласы болғаны ғой.

 

– Менің Тұмарбек деген бауырым болған емес.

 

– Соқ өтірікті.

 

Тергеуші жұдырығымен қақ тұмсықтан бір перді. Келдіқабаның мұрнынан қан сау етті.

 

– Танисың, інің Тәліпақын бәрін мойындап қойды. Сенің Қытай тыңшысымен астыртын кездесіп жүргеніңді Әлжаппар біліп қойған. Ол біреуге айтып қоймасын деп өлтіргенсің.

 

– Құдай ақы, мен...

 

– Мойында, ит, мойында...

 

Тергеуші өзі отырған темір орындықты ала салып, Келдікеңді тоқпақтай бастады.

 

***

 

Келдіқаба көзін үрейлене ашты. «Құдай-ай, ештеңенің қарасы жоқ бола тұра мені осылай тепкілеген қаныпезерлер Анар мен Қосынды аяды дейсің бе? Байғұс балаларым-ай, Он екіде бір гүлдерің ашылмай жатып, көресіні көрдіңдер-ау»... Өзіне-өзі күбірлеп сөйлеп жатқан шалына Ізет апа жетіп келді.

– Шал-ау, кіммен сөйлесіп жатырсың?

 

Келдіқаба кемпіріне тесіле қарап қалды.

– Е, сөйдемейсің бе? Өткен күндер есіңе түсіп жатыр ма? Байғұсым-ау, маңдайыңның соры бес елі ғой. Тозақтың бәрін көріп, енді ғана арқамыз кеңіді ме дегенде кішкене қалт-құлт етіп жүре тұрмай ана жаққа асығып жатырсың.

Шал көзінің қиығын шақшасы тұрған жаққа салды.

 

– Ойбай, қазір.

Ізет апа бопыразды бұрқ еткізді де шалының ерніне қыстыра салды.

Келдікең сәл ғана езуін тартты.

– Е, күлесің-ә! Күл, мен де саған күлейін. Әлгі екі баланы қамап тастағанда өкімет екеумізді де жау көріп, осы есікті еңгезердей екі жігітке күзеттіріп қойып еді ғой. Соларды оқтаумен ұрып қуалағаным есіңде ме? Әй, қорқағым-ай! Жандалбасалап жүгіріп кеп, оқтауға өз жотаңды тоса қойғаныңда не ұрарымды, не ұрмасымды білмей сасып қалғанмын.

Келдіқаба ақсақал кемпіріне жаратпай бір қарап қойды.

 

– Ой, осы сенің болмашыға ренжи қалатының не осы? Өздері де күйдіріп, ана Мэлсті завучтықтан босатты. Қанатты комсомолдан шығарды. Сені күн-түн демей ауылдық, аудандық партия комитетінің жиналыстарына салып, қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді алған жоқ па? Ол аз болғандай есігіңе екі иығына екі кісі мінгендей жігіттерден күзет қойды. Сонда деймін-ау, екеумізді Үкіметтің үйін төңкеріп тастайды деп ойлайды ма, солар...

 

Келдіқаба шал көзін жұмды. Тағы да құйын. Тағы да түрменің есігі сырт-сырт етіп бекітіліп жатыр. Ар жағынан әмірлі дауыс:

– Кайыркулов, к стене, – деп саңқ етті.

Қосын бетін қабырғаға беріп, қақшиып тұра қалды.

Балаларым-ай, балапандарым-ай, сендердің орындарыңа сол түрмеде мен отырсамшы.

Шалдың көз алдынан бұлдыр-бұлдыр елестер өте бастады.

 

***

 

Қосын Желтоқсан көтерілісі кезінде елмен бірге алаңға барған. Ызғарлы сол түнде Қосын қанішер жендеттер тепкілеп жатқан қызды құтқарып алып, қашып бара жатқанда қолға түсті. Үш күн бойы тергеуде таяқ жеп, сосын қолхатпен босап шықты. Содан бастап, Келдіқаба әулеті тағы да тұманды күндерге аяқ басты.Қосынды күнде тергейді. Тергеуден шыға сала үйге келеді. Сосын әкесіне бар жағдайды баяндап береді.

Келдікең Қосынды қамайтын күннің тақап қалғанын сезіп жүрді. Қасиетті жұма күні бір қойын алып жықты да, көршілерге құдайы таратты. Осы құрбандық шалғаннан үш күн өткен соң, Қосын қамалды. Сол күннен кейін Келдікең мен Ізет апа түрменің есігін күн-түн демей күзетуді әдетке айналдырды. Қосын іште, Ізет екеуі сыртта, зар еңіреп жылап еді-ау... Баяғыда Тәліпақын шекара бұзып қамалғанда «осы түрмеде жатыр» дегенді тергеушіден естіген. Немере інісі жатқан түрмеге келе алмап еді сол жолы... Енді міне, темір есіктен кірген-шыққанды күзетіп табанынан таусылып жүр.

– Тазекемнің көзін құртқан бұ зындан, біздің де тұқымның ұясына айналды-ау, бұл зындан!

Келдіқаба шалдың көзінен бір тамшы жас ытқып кетті.

 

***

Келдіқабаны жөтел қысты. Әдетінше кемпірі жетті алқынып.

 

– Сыртқа шығып кете қойып едім. Мені іздеп қалмадың ба, шал-ау! Келдіқаба ақсақал арқасын қабырғаға сүйеп жатыр еді. Кемпіріне сұраулы көзбен телміре қарады.

 

– Ой, Құдай-ай, Қосын түнде келіпті. Біздің мазамызды алмайын деп, Мэлстің үйіне қона салыпты.

Келдікең енді кемпірінің әжімді жүзіне ұзақ қарап мұңайып отырып қалды.

 

– Е, бұ еркек деген жаратылыс мұншалық шыдамсыз болар ма, тегі. Сенің көргеніңді мен де көріп едім ғой. Сен жұтқан запыранды мен де жұтып едім ғой, шал-ау. Неге таусыла бересің? Әне, бала-шағаңның бәрі дін аман. Көз алдыңда жүрген жоқ па, құлдыраңдап?! Ел-жұрт «батырдың әкесі» деп төрін береді. Қу басыңа бұдан артық не керек? Шал-ау, айтшы. Айтып өлтірші. Сенің жаныңды жегідей кеміріп жатқан не шер?

Шалы көзін темекісіне қарай төңкерді. Кемпірі ылдым-жылдым бопыразды орап, шалының аузына тосты.

Түтінмен бірге маңдайының тері де бұрқ етті.

 

***

 

Қосын қамалғаннан соң, араға ай салып барып, кездесуге мұрсат алды. Осы бір айдың ішінде жиырмаға толмаған жігіттің маңдайына пышақпен тілгендей екі қалың әжім түскенін көріп, Келдікеңнің жандүниесінде алай-дүлей бір дауыл соққан. Сол ұйытқыған дауылға теңселіп кеткені сол еді, Қосын езу тартып күлді.

– Біз қайғыдан қан жұтып жүрсек, күледі ғой, қарғам, – деп жылап жіберді Ізеті.

 

– Жәй, сендерді көріп қуанғаным ғой, – деді Қосын тағы да жымиған болып. «Әке-шешем мені ойлап, қайғыра бермесін» деп баласының іші қан жылап жатса да, зорлана күліп тұрғанын әкесі бірден аңғарды.

 

– Бізді Маңғыстаудың түрмесіне ауыстыратын болды, әке! – деді содан соң...

 

– Балам, шыныңды айтшы! Ұрмай ма, іште! – деді шешесі.

 

– Неге ұрады екен, ұрмайды. Тергеу кезінде аздап мұрнымыз қанаған, әпке (шешесін Қосын да әпке дейтін)! Бас-көз демей бір соққанда қулықпен тоңқалаң асатынбыз. Соған бола «мен бір ұрып құлаттым» деп қасындағыларға мақтанып, мәз болады бейшаралар. Уақыт келсін, ұрғанның қандай болатынын көрсетемін мен оларға...

Қосын тісін сықыр-сықыр еткізіп қайрады. Жақ сүйегіндегі қантамырлары жарып шығардай болып жыбыр-жыбыр ете қалды. Сол қантамырлар көз алдын көлбей өткені сол еді, Анары есіне түсіп, қолқа жүрегін біреу жұлып алғандай болды. Бар өшін темекіден алмақ болып, шақшасына қол соза берді. Осыны күтіп отырғандай кемпірі бопыразын тұтата қойды.

 

***

Келдіқабаның кірпіктері айқаса кетті. Сол-ақ екен, Молда-әкенің кескіні көз алдына елестей кетті. Құйын іліп әкеткен бала Келдіқабаны Текестің бойынан тауып алып, жылап тұр әкесі... «Иә, Құдайым! Мына баламды Ұзақ батырдың сарбаздары жатқан қабірге түнетсін дегенің бе? Иә, Тәңірім, сұрағаның сол болса, мен мақұл» деді. Деді де, сол жерде қонып қалды.

Осы бір көрген түстей қорқынышты түнді мың бір түннің хикаясындай әңгімелерімен ұмыттырып жіберіп еді-ау, сол кісі...

Елдің атасы ертегі айтса, ол кісі өткен тарихты әңгімелейтін. Алпардың ұлы Саурық батырдың Шығыс Түркістанға барып, кәпір басқыншыларына қарсы қарулы көтеріліс жасағанын көзбен көргендей баяндап еді-ау, со жолы... Тазабек батыр мен Саурық екеуі күш біріктіріп, Құлжадағы орыстың базарын тас-талқан еткенін өзі солардың арасында шайқасқандай майын тамызып айтып берді. Сосын, Келдіқожа бұрын соңды естімеген жырды жырлай бастады, Молда-әке!

Ұзақ жырдың соңына келгенде: «Саурық батыр Колпаковскийдің жазалаушы әскерін тауға кіргізбей қаншама жыл елді, жерді қорғады. Оның бәрін ұмытты ғой, мына ел» деді молда-әкесіжанарынан ыршып шыққан жасты Келдіқабаға көрсеткісі келмегендей сүртіп қойып. «Саурық бабаң тұтқында жатып орыстың оғынан ажал құшты» деді күрсініп. Келдіқабаны «сол бабалардың кегін қайтарар күн туса, қолыма қару алсам» деген арман санасында дөңбекшіп жаты. Баланың арманының бәрі орындалушы ма еді? Орындалған жоқ, бірі де...

 

***

 

– Әке, мені де тергей бастады, - деді бір күні Анар үйге келіп. Осы бір ауыз сөз Келдіқабаны қақ маңдайдан бір ұрғандай есеңгіретіп тастады. Соңғы кездері қызы өзімен-өзі арпалысып, жүдеп бара жатқанын байқайтын. «Тұрмыс құрамын деп жүрген жігіті Оралға қашып кетіпті» деген сөзді құлағы шалған. «Соған бола осылай жүдеуге бола ма?» деп Келдікең уайым қылушы еді. Сөйтсе, қызын жете танымаған екен.Алматыда тігін фабрикасында бригадир болып жұмыс істейтін жиырма екі жастағыАнар да көтерілісінің бел ортасында жүріпті. Түнімен плакаттарға ұран жазып, оны өзінің қарамағындағы 18 адам арқылы алаңға таратқызған. Қанды қырғын болған күні қолға түсіп, Құдайға қараған бір адамның септесуімен құтылып шығыпты. Құтылып шыққан да, түк көрмегендей тілін тістеп жүре берген. Бірақ, жердің астындағыны да күні бұрын біліп отыратын Үкімет адамдары Анарды жайына қоймаған. Қосыны көрген тергеудің талқысына Анарды да салып, қауызын жаңадан жарып келе жатқан гүлді мыжғылап жіберген. Анардан бар мән-жайға қаныққан Келдікеңнің көз алды қарауытып кетті. Тұрды да бір ауыз тіл қатпастан өз бөлмесіне кіріп, есікті құлыптап алды.

Таң атқанша оймен арпалысып еді, сол түні...

«Ұлды қойшы, енді мынау кәззаптарға қызымды талатып қойғанша, өле қалғаным дұрыс еді» деп ойлады. Бірақ, өле салу оңай емес еді. Өле алмады.Келдікеңнің басына қан құйылып жатқандай болды. Атар таңды көз ілмей қарсы алды. Бозарып атқан таңға қарап отырып: «Бұ тағдырға не жаздым? Осынша азапқа саларлықтай не жазығым бар еді, Құдай!» деп боздай берді, боздай берді. Боздап жатып, шашын уыстап жұлып, қабырғаға тарс-тарс еткізіп соғып-соғып жіберген.

Таң ата өзіне-өзі келіп, есікті ашты. Бір ауыз сөзбен болсын, қызын жігерлендірейін деген оймен еңсесін тіктеп алға қарай қадам басты. Ар жақтан кемпірі шыға келіп, өлік көрген жандай шошына шыңғырып жіберді.

 

– Шал-ау, шашыңа не болған?. Бір-ақ түнде бір тал қарасы қалмай, қудай болып кетіпті ғой. Ой, Алла-ай, ой, Алла-ай. Келдіқаба жеделдете басып айнаның алдына келді. Кеше ғана шашының ағынан қарасы көп болатын. Бүгін қар басқан Қаратаудай бір-ақ түнде аппақ болып кетіпті.

Келдікең тізесінен әл кетіп, сылқ етіп отыра кетті.

 

***

 

Келдіқаба көзін ашты. Осыны күтіп отырғандай кемпірі бопыразын тұтатып жатыр.

– Шал-ау, Анар да келді. Ол да ағасының үйіне түсіпті. Бұ құрғыр балалар «сенің мазаңды алмайық» деп жүріп, Мэлстің шаңырағын үлкен үй етіп алмаса болғаны.

Келдікең кемпірін жанарымен түйреп өтті.

 

– Ойбай, қойдым. Қарашаңырақты ұмытпасын деп жатқаным ғой. Шақырайын ба балаларды? Келдікең басын изеді. Темекісінің түтінін будақ-будақ шығарып, жаны рахаттана бастады.

 

– Аға, әпкем сені өлгелі жатыр деген соң, ұшып жеттік түнде, – деп қарқылдап күлді Қосын.

 

– Сен де бір қоя тұрмай, қарбалас кезде килігіп. Төрт көсемнің құрметіне Мэлс деп атын қойған балаңа обал болатын болды, елуге келгенде жетім қалып...

Баласының кісі өлтірер қалжыңына Келдікең езу тартты.

 

– Аға, жағдайың қалай? – деп Анары құшақтап бетінен сүйіп жатыр.

 

– Қосын, сені әзілдемейтін жерде күлкі қысатыны не осы?

 

– Қойдым, Қайырқұлова жолдас, қойдым... Шал тағы тілін тістеп жатыр ма, әпке? – деді шешесіне қарап.

 

– Әй, шал-ай, біз саған әпкем емеспіз. Айтарың болса, аузыңмен айтып кет, - деді сосын әкесіне.

Кенет ыз еткен масаның дыбысы шығып, ұшып келіп Келдікеңнің дәл бетіне қона қалғаны. Анары атып тұрып, әкесінің бетінен сарт еткізіп, шапалақпен бірді салды.

Сөйтті де, үстел үстінен бір газетті ала сала умаждап, бөлмеден маса іздеп кетті.

 

– Анар, ұмытсаңшы енді. Ұмытшы барлығын. Кіп-кішкентай маса ғой ол. Жиырма жылдан асты...

 

– Қанішер, қанішерлерді жек көремін...

Анар тістеніп, егілгісі келсе де жыламай ернін жымқыра берді.

 

Келдікеңнің де, кемпірінің де, Қосынның да көңілі нілдей бұзылды.

– Қазір, қазір бірін де қалдырмай өлтіремін.

«Құдайдың жәндігімен өштестіріп қойған қу заман» деді шешесі көзінің жасын сүртіп жатып.

Анар қамалған кезде үш күн, үш түн қандалаға толы камераға түскен. Адамды ұрмай-соқпай жазалаудың ең үлкен жазасын тырнақтың ұшындай жәндіктен тартып, рас азаптанған. Үш күн, үш түн қандала талаған адамның денесіндегі бар қанды жәндік сорып алады екен де, тұтқын ес-түссіз құлайтын көрінеді. Содан бері қанмен қоректенетін жәндік көрсе болды, тұла бойы түршігіп, қай-қайдағы есіне түсіп, жанын қоярға жер таппай тыпыршып кететіні бар. Келдікең шым етіп, шаншу қадалған жүрегін алақанымен басып, уқалай бастады. Уқалап жатып көзін жұмды.

 

– Совет өкіметіне, Коммунистік партияға деген көзқарасың түзелді ме? – деп дікең-дікең етті бұжыр бет тергеуші. Шынашақтай қызыңды қандалаға талатып, әр баласының артынан үш әріптің сумақай итін сап қойған өкіметке деген көзқарас өзгеруші ме еді? Келдікең бірер секундтық ұйқысының жетегінде кетіп бара жатты.

 

***

 

Анар 1987 жылдың шілдесінде қамалды. Келдекең үшін тағы да түрме күзету, тағы да сол баяғы азапты күндер қайталанып жатты. Өзі шет-жағасын білетін абақтының өмірі қызын аямасын біледі. Сол үшін қиналады. Қиналғаннан не пайда? Арқа сүйер ешкімі жоқ. «Батырлардың әкесі» деп жатады бүгінде ел-жұрт. Өтірік бәрі. Батырдың әкесі екені рас болса, қызын зынданға түсірмеудің жолын табуы керек еді ғой. Пана болуы керек еді ғой желдің өтіне мұздап қалған нәзік қызғалдағына...

Анар ұсталғанға дейін милиция көрсе, Келдікеңнің шекесі тырыса қалатын әдеті бар еді. Қызы қамалған соң, бұл көзқарасы өзгере бастады. Алаңдағы жастарды ұрып-соғып, автобусқа басып, қамауға апарғанда Анарды бір қазақ милиция құтқарып жіберіпті. «Мойнына мінгізді де, қоршаудан асырып лақтырып жіберді» деп әңгімелеген қызы. Қазақ милиция кездесе кетсе, «Сен менің қызымды құтқарған жігіт емессің бе?» деп сұрағысы келетін. Сол бір қайырымды жанның кім екенін білмейді, әттең... Білсе, аяғынан сүюге бар. Келдікең қызы шілдеге дейін бостандықта жүргені үшін сол бір жігітке екі дүниеде де разы.

Кім білсін, сол күні қызын босатып жібермесе, Анардың күйі не болар еді? Бәлкім, Сәбира мен Ләззаттар секілді... Ойлаудың өзі қиын. Келдікеңнің көз алдына енді Кемелбаев елестей кетті. Қосынның адвокаты ғой ол жігіт. Алматы қалалық адвокаттар кеңесінің төрағасы болған Кемелбаев Қосынды қорғап қалмақ болып, басын қатерге тіккен. «Қосын төбелес кезінде солақай бола тұрып, оң қолмен тас атып, бір милицияның басын жарыпты». «Өмір бойы солақай болған жігіт қалай оң қолмен тас атады?» деп шырылдады Кемелбаев. Әр сот отырысы сайын тағылған айыптың жалған екенін дәлелдеп, айыптаушылардың өтірігін ашып жатты. Сөйте тұра Қосын бес жылға сотталып, Кемелбаев қызметінен төмендеп, қатардағы қорғаушы болып қалды. Сот залында бір өзі ғана баласының сөзін сөйлегені үшін Кемелбаевқа да екі дүниеде де разы Келдіқаба... Жауың кім, досың кім екенін айырып болмайтын қарбалас күндерде екі адамға назаланып еді Келдікең... Енді міне, сол назаны о дүниеге бірге ала кетпеу үшін өзімен-өзі арпалысып жатыр енді. Анары қанды қырғын болған күнге дейін бір жігітпен көңіл қосып, тұрмысқа шықпақ болып жүріп еді. Алаңға да бірге барған көрінеді. Анардың артына үш әріп түсе сала әлгі жігіт ұшты-күйлі жоғалды. «Оралға қашып кетіпті» дегенді естіген. Тағдырдың тепкісіне түскен қызының қорғаны болудың орнына өз басын арашалай сала безсе керек. Екінші адам – Қосынның досы. Университетке барғанда ұстаздарына «алаңға шыққан жоқпын» деп ақталып, достарының ортасында болғанда «не көріп, не болғанын» айта береді екен. Сол айтқанның бірін қалдырмай үш әріптерге сарнап отырыпты, әлгі досы.

Қосынның кінәсін о бейшара жіпке тізбесе де ұсталар еді, қамалар еді... Сонда да Келдікең баласын сатқаны үшін сол бір жігітке назаланған.

 

– Бәрін-бәрін Құдайға тапсырдым, – деді Келдіқаба көзін ашып алып.

 

– Мен айтқан қарғыс ол балаларға алғыс болып тисе екен, я Құдай! Қарғысым қате тиіп, өссе екен, өнсе екен...

 

***

 

– Шал-ау, бопыразыңды тартасың ба?

 

Ізет апа темекі тұтатып, шалының ерніне қыстырды. Шалы бала кезден бері аузынан тастамай келе жатқан бопыразын бұрқ еткізді. Сөйтті де, кемпіріне көз тастады.

 

– Әй, алжыған шалым-ау, балаларды арнайылап шақырып алып, бір ауыз тіл қатпағаның не? Осы мінезіңнен-ақ көресіні көріп бітетін болдық-ау! Айтсаңшы, арыз-арманыңды. Ақтарсаңшы, шеріңді... Анау артымыздан қалмай, сүмеңдеп еріп жүретін үш әріптер де жақ ашпаушы еді. Солардай болмай шешілсеңші. Келдіқаба шал ештеңе естімеген адамша басын ірге жаққа бұрып әкетті. Кемпірі әлгі үш әріптің адамдарын ұрғаны есіне түсіп, мұңайып қалды. Бұл араша болып, оқтауға арқасын тоса қойып еді-ау! Абақтыдағы балаларға кесапаты тимесін деген еді ол кезде. Үш әріптен көресіні көрді-ау өзі де... Бір жігіт бір елі артынан қалмаушы еді ғой. Шал сол шоңайнадай жабысқан бәледен екі жыл дегенде құтылды. Ал, Анар мен Қосынның артынан әлгілер 1996 жылға дейін қалмады емес пе? Келдікең сол үш әріптердің тәуелсіздік алғаннан кейін де балаларының ізін аңдуын қоймағанына нала болады. Тәуелсіздік алмап па едік? Азат ел болмап па едік? Ендеше мына сұғанақ сұр иттерге не керек? Келдікең бұл сұрақтарға жауап таппай қиналады. Жұмысқа бірге барып, жұмыстан бірге қайтып жүріп әлгілермен туысқандай болып кетіп еді байғұс балалар.

Шыдамның да шегі бар. Бір күні Анар ашуланып, әлгінің ит терісін басына қаптапты. Ертесі күні Анарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті шақырып алып, қауіпсіздік саласының қызметкерін балағаттағаны үшін қатаң сөгіс беріп, шығарып салған. Анар ертерек ақталды. Ал Қосынды 1996 жылға дейін ақтамай созбақтап жүріп алды емес пе? Қосын ақталғаннан соң, әулеттің басына үйірілген қара бұлт сейіле бастады. Шал терең бір күрсініп алды да, мызғымақ болып көзін жұмды.

 

***

 

Келдіқабаны құйын іліп әкетті. Сол құйынның ішінен Молда-әкесін көрді. Ол кісі баяғы қызықты һәм қайғылы әңгімесін тағы да айта бастады. «Тазабек пен Саурық батырлар кәпірдің оғынан ажал құшқан соң, елге Ұзақ батыр ие болып қалды» деп бастады бұ жолғы әңгімесін молда-әке. «Ұзекем, орыстан қысым көрсе, Қытай асатын, Қытай жонын көрсетсе, бері өтетін. Бір жолы шекараның заңын мойындамады деп тұтқындауға әскер келгенде оның бәрін қырып салды.Қырып салды да, орысқа қарсы тұрар қол жинау үшін Құлжаға кетті. Осы арада жазалаушы әскер келіп қалып, Ұзақтың баласы Рүстемді өлтіріп, бүкіл туысын абақтыға жапты. Ұзақ Қарақолға өз аяғымен барып, тұтқынға түсуге мәжбүр болды. Бес жыл түрмеде отырып, қалған айыбын малмен өтеді.

Таудағы бар халық Ұзақтың азаттығы үшін үйір-үйір мал айдады. Ұзақ келе сала халықтың жерін тартып алып жатқан кәпірлерге қарсы бас көтеріп, тағы екі жылға қамалып кете барды. Бұдан босап шыға салып «қарулы көтеріліс жасамақ» деген айыппен және абақтыға айдалды. Ұзақ әкесі Саурықтың кегін қуды. Бірақ, ол кекті қайтара алмады. 1916 жылғы Қарқарадағы қырғын сол кекті қайтару үшін болған еді, балам»... Молда-әке осыны айтты да көзден ғайып болды.

Он алтыншы жылғы «әскерге бала бермейміз» деу жай ғана сылтау. Келдіқабаның аталары Тазабек пен Саурықтың кегін алмаққа аттанған болатын. Со қырғында әруақ алдында жүзі жарық болуы үшін алпыс мың адамның тең жарымы оққа ұшты. Тазабек пен Саурық барда бұ қазаққа ешкім беттеп келе алмады. Тазабектен кейін Ұзақ, Тұрлықожа, Серікбайлар анталаған кәпірлерді тыныш ұйықтатпады.

Тұрлықожаны хан көтеріп, алты алаш баласына ой салмақ болған таудағы аз қазақтың асыл арманын қазақ түсінбеді-ау! Түсінбеді... Қарадан хан сайлайтын ел емес, тау халқы. Сонда да, сонда да... Бәлшебек келіп, Құдайды жоқ еткенде, байдың барын тартып алып жатқанда Мергенбайлар Қытай асқысы келмеген елдің малын айдап алды, сосын балаларын ұрлап әкетті. Оған да көнбеген қыңыр елдің шаңырағын шауып, күштеп Қытайға айдамады ма? Не деген көреген еді, Мергенбай! Таудың аз халқын аштықтан бір, соғыс зұлматынан екі аман алып қалған жоқ па, өстіп?

Өзі Текестің бойында бір оқты құшақтап көз жұмды, мәңгілікке... Онан кейін Келдіқабаның өз ағасы Мұстафалар атқа қонды. Бұ жақта соғыс болып жатқан кезде асылдан қалған сынықтарды жинап алып, Қытайға ұрлап әкетіп отырды. Тазабектің, Саурықтың, Ұзақтың, Тұрлықожаның, Мергенбайдың, одан кейінгі өз ағасы Мұстафаның әз басы орысқа иілген жоқ.

Ал, Келдіқабанікі ше? Келдіқаба жауына қарсы қандай қайрат көрсетіпті. Сарнаған тілі қос құлынын абақтыдан бірақ шығарды. Содан кейін сөйлеуден қорқатын су жүрек қоянға айналмады ма, байғұс... Молда-әкесін іздеп, алдыға адымдай баспақ болып еді, аяғында кісен бар екен. Темір есікті түрменің алдында тұр. Ішке кірмек болып еді, тағы да бір белгісіз күш итеріп құлатты. Тұрам дегенше, есік жабылып, ар жақтан қызы мен ұлының айғайлаған дауысы құлағының жарықшағын жарып жібере жаздады.

 

***

 

Келдіқаба шал темекісін бұрқыратып отыр. Қосыны көз алдына келе қалды. «Әке, біз іздеген әділдіктің бәрі абақтыда ғой. Түрменің заңындай әділ заңды көрген жоқпын» деді қабағын шытып.

Баласының бұл сөзді түрмені сағынғандықтан емес, қазіргі әділетсіздікке күйінгендіктен айтып жатқанын сезетін. Сезетін де түпсіз ойдың тереңіне батып кететін. Бес жылға сотталып, оның үш жылын Алматы, Маңғыстау, Сібірдің түрмелерінде өтеп қайтқан баласының кеудесіне қатқан шемен шер бар еді. Ол шемен шердің жібір күні туа ма? Ал, Анар үш жылға сотталып, соның үш айын абақтыда өткізді. Сол үш айдың өзі үш ғасырдай болмады ма, байғұс қызға. Қалған уақыттың бәріне қара жұмыс алып, бақылауда жүрді.

Әне, бес қабатты ғимараттың үстіне зәмбілмен кірпіш тасып барады Анар! Кірпіш тасып жүріп, бұғанасы қатпаған қаршадай қыздың белі майырылды. Енді қазір бір шыр еткен сәбиге зар болып, көзінің жасын көл етіп жүр. Анар қамауда жатқанда кездесуге барған. Сонда қызы: «Сендер жіберген сәлемдемені түрмедегі әйелдер тартып алды», – деп боздап еді ғой. Келдікеңе қызы содан бері әлі күнге көз жасын тия алмай жүргендей көрінеді. Келдікең бәрін ұмытқысы келеді. Бірақ, көршісін көрген сайын ескі жараның беті ашылып кете береді. Қайтып ұмытады, сосын.

Ауылдық, аудандық партия комитеті күнде жиналысқа салып, балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін жерден алып, жерге салып жатқан күндері дүниемен бірге үйі тұрған ауланың да тарыла бастағанын байқады. Көршісі үй арасындағы қоршауды бұзып, қайта салғанда 2-3 метр мұның аумағына кіріп кетіпті.

«Бұларың не?» деп шырылдаған кемпіріне: «Баратын өкіметің болса, бар. Арыздан. Бәрібір «халық жауының» шешесі деп сенің сөзіңді ешкім де құлағына қыстырмайды» деді көкбеттеніп.

Бұ қорлыққа да төзді Келдіқаба...

1996 жылы Қосын ақталғанда той жасады. Сол тойдың ертесі күні ешкімнен үш қадам жерді дауламаса да баяғы қоршау қалпына келтіріліп жатты.

 

***

 

Келдіқаба көзін ашып, қалың әйнегі бар көзілдірігін киді.

– Шал-ау, не қажет? – деді кемпірі шалының жанарына үңіле қарап.

 

– Ә, қазір, суреттерді ме? Әкелейін, әзір...

 

Келдіқабаның алдында үлкен қоңыр альбом келді. Кемпірі парақтай бастады. Қосынның күртеше киіп түрмеден шыққан күні түскен суреті. Көзі үңірейген баласы тірі әруақтай әкесіне қарап тұр. Міне, Анардың екі суреті. Желтоқсанға дейінгі, желтоқсаннан кейінгі... Екі суреттегі сұлбаны бір адам деп айтуға келмейді. Бір-біріне ұқсамайтын мүлдем басқа екі адам.

Келдікең іштегі бар шерін ытқытып жіберердей болып, ауыр тыныстап, бір күрсініп қойды. Сөйтті де, альбомға жапсырылған газет қиындысындағы «Қайырқұлова Анар Келдіқабақызы – 3 жыл», «Қайырқұлов Қосын Келдіқабаұлы – 5 жыл» деген жазуларды сипады.

 

– Кемпір-ау, – деді соңғы оншақты күннен бері тұңғыш рет тіл қатып.

 

– Кемпірім-ау, менімен бірге өткен тағдырыңа ризасың ба? Шыныңды айтшы.

 

– Ойбай, көтек не дейді? Мал-жанды, бала-шағаны сұрай ма десем...

Келдікең қабағын түйіп, кемпіріне тіке қарады.

 

– Ризамын, ризамын, риза болмағанда ше?

 

– Ал, мен риза емеспін. Екеулеп жүріп, балаларға тек шындықты айтуды үйретіппіз. Бұл қу мен сұмның заманы екен. Қулық пен сұмдықты үйретсек, ана екеуі тағдырдың азабын тартпас еді ғой. Әй, дүние-ай!

Мені мылқау еткеніңде ана екеуі осындай сорлар ма еді...

Сөйтті де көзін жұмды. Көзін жұмғаны сол еді Анардың қолымен жазылған «Долой, власть!» деген ұран қақ алдында көлбеңдеп тұра қалды.Сосын, сосын баяғы құйын көтерілді де Келдекеңді дедектетіп отырып, абақтының алдына әкеле қойды. Салдыр-сұлдыр етіп түрменің есігі ашылды. Аяғындағы кісенді салдырлатып әлгі темір есікке кіре беріп еді, біреу кеудесінен итеріп жіберді. Шалынып құлап, түрегелем дегенше есіктің ар жағынан «Әке, әке!» деп жанұшыра айғайлаған Анардың, «Не үшін, не үшін?» деп темір есікті ұрғылаған Қосынның дауысын естіді. Қайдан келгені белгісіз, қасында Әлжаппар тұр.

 

– Келдіқаба аға, қиналмаңызшы. Мен, мен өз ажалымнан өлдім ғой. Өз ажалымнан...

Келдікең Әлжаппарды құшақтай алған.

– Балам, балапаным, – деді молда әкесі шашынан сипап. Сен байғұсты соншама қинағаным үшін кешір мені...

 

Келдіқаба көзін ашып жіберіп, темекісі тұрған үстел жаққа қолын созып, қарманды. Кемпірі бопыразын бұрқ еткізді. Көк түтінді құшырлана бір соратын әлі де қалмаған екен. Баяу ғана шоқтанып тұрған бопыразының тұқылына қимастықпен бір қарады да, Молда-әкесі мен Әлжаппармен қолтықтасып кете барды.

Кенет Желдісайдан құйын көтерілгенін байқады. Байқады да тұра жүгірді.

 

– Таздың үйіне бар. Таздың үйіне бар. Тұрахан таздың үйіне бар, – деп жүгіріп келеді. Шаң-топырақ, қиыршық тас пен шөп шаламды диірменнің тасындай шыр айналдырған құйын оны қаңбақтай іліп әкетіп, табанын жерге тигізбей жұлқа жөнелді.

Аспан төңкеріліп жерге түсті. Жер аспанға барып ілініп қалғандай... Жер мен көктің ортасында жұлдыздай аққан алып бір кеменің ішінде зырылдап бара жатты. Бағана ғана қаңбақтай ұшып, құйынның ішінде жұтылып кеткен ол қыса ұстаған жып-жылы бір құшақта, құшақ болғанда да әйел затының отты бауырында кетіп барады екен. Есі бір кіріп, бір шықты. Сонда байқағаны, құйын дегені шаң-топырақ, шөп-шалам емес, аяғы жерге, басы көкке тиген, киімнің орнына қою қара шашымен денесін бүркеген ару қыз. Сол ару қыздың аяғы жерге бір тиіп, бір тимей оны әлдеқайда алып зулап барады. Қатты жүгіргенде шашымен бүркеген денесі ашық қалып, қос емшегі салбырап аяғына оратылады. Ол кеудеден аяғына дейін жететін омырауын кезек-кезегімен қолымен іліп алып, иығынан асыра лақтырып жібереді. Ұзын пәле сусып тағы аяғына оратыла түсті. Егер де сол емшектері болмағанда Келдіқаба қазір жұлдыздай ағып малды ауылдан тым ұзаққа кетіп қалар ма еді. Бағына орай қыздың омырауы жүрісін тұсаулап келеді. Сонда да аса қатты жылдамдықпен зулап бара жатқанын сезді.

Аяғына қарады – кісен... Алға бір қадам басып еді, кісені сылдыр-сылдыр етті. Бала Келдіқаба отыра қалып сол кісенді шешпек болып тартқылай бастады. Темірді үзер күш шынашақтай Келдіқабада қайдан болсын, жылап жіберді. Жылап жіберді де жан-жағына қарады. Қап-қараңғы қапаста отыр екен. Темір торлы кішкентай ғана терезеден болмашы сәуле құйылады. Әлгі сәулеге қарай ұмтылды. Тұсаулы аттай, өліп-талып, жетті-ау әйтеуір...

Сәуле құйылған терезеден сыртқа көз салды. Сыртта Анары мен Қосыны әкесіне қарап күлімсіреп тұр екен. Бірақ, екеуінің де аяқ-қолында кісен тұрғандай көрінді...

 

 

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР (Демеу бидің жиені)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.