Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

Мәңгілік дала баяны

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 30.04.2018
Оқылды: 287 Печать страницы

    Мәңгілік дала баяны

 

(поэма орнына)

 

Пролог

Бір құдірет жалғардай араны анық,

Жүретін Жүнісбай қарт дараланып,

Күй шертіп отыратын үйді-үйлерде,

Жанына топ-топ тағы баланы алып.

 

Жамылып желбегейін желең ғана,

Қисашы секілденіп шебер, дара.

Қарайтын оқтын-оқтын бәрімізге,

(Ол, бәлкім, кеудесі – кен, кенен дала!)

 

Жан емес жарты күлше – бақ іздейтін,

Танытып тағылыммен абыз кейпін,

Тамаша бір әңгіме бастап беріп,

Бұл өзі бағзыда айтқан аңыз дейтін...

                       1

Бес тоғыс секілденіп шуақтанып,

Жер үшін аспан болған суатты анық.

Тұранның бойы дейді нұр төгілген,

Аң-құстар шөл басатын шұбап барып.

 

Жүріпті ел әуезінде сенбей қалып,

(Құдірет туғызды екен нендей алып?)

Бір сәуле жарқ етіпті жасын болып,

Кетіпті кейін сол жер көлге айналып,

 

Тірліктің тынысымен құбатөбел,

Тәңірісінің хиһметімен, сірә, шебер.

Сол көлден жалды арқасы ұл көрген – мыс,

Жалбарып жұрт жиылып, жыласа егер.

 

Малтығып тұрса да елдің мұңға бәрі,

Бұл топтың айтар «жырын» тыңдап әрі

Дейді екен сол әлгі ұл жұмбақ тағы:

«Жалғанға мен келетін күн болады».

 

Бұза алмай бұғау бұлтты пәс көңілмен,

Қаншама жанарлардан жас төгілген?

Бағзы бір бөрі текті ұл айтқандарын,

Жоқ еді ел ақиқат деп әсте білген!

 

2

Бор кемік, қоға сүйек емес-ті ері,

Түркінің бодандық ол не кешкені –

Тарих талай тасқа баспап па еді,

Ғұн болып айдарынан жел ескенін?!

 

Құлабызсыз қаз болмас көкте – мысал,

Құт мекен болса жетпес шеткері сәл.

Жужандар жүріпті елді келеке етіп:

«Қайда?» деп, «тәңірі сүйген көкбөрісі ал?»

 

                   3

Намысы оянды ма сода-н-н-н бастап,

Бөрі рухы еткен дейді боданды асқақ.

Таныған Қытай Ғұнның ұрпағы деп,

Туұлы батыр дейді қаған һас, нақ!

 

Кеткен ел басын жиып мұңдақ болып,

Бәз-бәзінде мұң-зарын тыңдап көріп.

Қағанатын Түркінің Бумын құрып,

Халқын төрге оздырған сырмақ беріп.

 

Айдарлы ұл ғұннан жеткен науғы болып,

Ерлепті Бумын, сөйтіп, жауды жеңіп.

Тау – ұлдар өткен дейді бұл өмірден,

(Бабам деп елестетем тауды көріп!)

 

Сақ дейді арғы атасы, ғұн дейді – һас!

Жайған дейді жарты әлемге күндей құлаш.

(Кешегі көшпендінің шын бағасын

Бүгінгі кейбіреулер білмейді – рас!)

 

Әлемді айбатымен тітіреткен,

Болған шын түркі ұрпағы бүкіл өктем.

Ақ киізбен Керейді хан көтеріп,

Қазақ боп қайта атағын дүркіреткен.

 

Қасым хан қасқа жолын салып ғажап,

Құтқарды құрсауынан халықты азап,

Ақназар, Әз-Тәукенің қайратымен,

Танылды жаужүрек ел болып қазақ!

 

Жауы көп болған шақта досынан да,

Жылжытты хандық есен көшін алға,

Жоңғарлар оянатын болған дейді,

«Абылай» деп ұйқысырап шошығанда...

 

Эпилог

Осылай қарт баянын тәмәм еткен,

(Шарпысып мен қалғанмын санам отпен)

Еңірей салсам ба екен бала боп мен,

Жамырай салсам ба екен дала боп мен?!

 

Бұл неткен ұлы тарих – сұрапыл дем,

Дүние, жаңғырудан тұратын ба ең?!

Осындай қарт шежіре жатқан Тұран,

Сүйемін тауын, тасын, қыратын мен!

 

              Көктем

 

Бір жылу тамды таңға, нұр болды аспан,

Тәңірі тіліндегі жыр-ды ол да асқан.

Жалтылдап тұрды көзде бір асыл сөз,

Жарқылдап сонау қырда тұрды алдаспан.

 

Көк көшті қырда гүлін кезек атып,

Сөйлесе жүрек әділ – сезеді уақыт.

Бір ойдың ұшқыны ма аспан жақтан,

Бір сәуле тамады көл – көзеге ақық.

 

О, бәлкім, сәуір ме бұл ақын –  гүлі,

Ұнаған нәзіктігі, батылдығы.

Ұнаған құс қанаты сөз саулаған –

Аспанға жазған сенің атыңды ұлы.

 

Атыңды атап сосын жел жылаған,

Атыңды алқап сосын жер жылаған.

Өмірі болған сенің махаббатың,

Ұнайды мына ұйық та енді маған.

 

Қараймын, сосын зерлі дала таңы,

Аққудың секілденіп балапаны

Елтеді;

О, дариға-ай, сәлемдескен,

Көктемім, қандай ыстық алақаның?!

 

 

 

 

Жетісу

 

Жетісу!

Шайыр дала ең ғой,

Домбыра, бәлкім, шанағы.

Жүректен жұпар аңқысын бүгін – саз ақсын,

Сен бе едің әлде қарлықпас бұлбұл тамағы –

Дауысы сұлу даласы мынау қазақтың!

 

Көркің ғой сенің басылып көзге оттай бір,

Өзекті жылтып, өртті ойға сосын бастаған.

Қырыңа бойым серпілген бе еді соқпай бір,

О, менің рухи астанам!

 

Саңқылы ма едің саршадай сайып қыранның,

Түлесең сені таңдайым толып сөз еткем.

Нотасы ма едің асқақы тағы бір әннің,

Сүйініп шыққан өзектен.

 

Төрткүл де,

Қойлық,

Есік те сырын аңдатқан,

Бесшатыр – менің бабамнан қалған мұра әйгі.

Сақтардың жұрты сен ең ғой кеше шам жаққан,

Кім мұны бүгін сұрайды?!

 

Жетіген болып сыр айтар ма еді жер иіп,

Жетісу жеті жауһарлым – көкте нұры айдың.

Мен саған арнап не теңеу айтам, жерұйық?

Назары түскен Құдайдың!

 

Қозыбай ҚҰРМАН (Әмір Шаһ)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.