Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

​Өртекес – Жетісудің қарындасы

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 03.05.2018
Оқылды: 232 Печать страницы

Өртекес – Жетісудің қарындасы

 

Мен де бір кісікиік кісі болдым,

Сен жаққа қарап күнде кісінермін.

Кіндігімді байлаған қазығым – ай,

Өртекес, тағы бүгін түсіме ендің.

 

Жүрмін әлі сағыныш зарығымен,

Арайланып ататын таңы кілең.

Жер бетінде жұмағым өзің едің,

Жалғандағы жалғызым, жарығым ең.

 

Кекілімді самалың тарап дәйім,

Қырдан маған тұрушы ед қарап қайың.

Есімде сол баяғы қалпыңдасың,

Балықсу, Талдытөбе, Азатсайым.

 

Қонақайым жатыр ма тулап ағып,

Жағасында сол судың жүр балалық.

Өлең жазушы едім ғой отыра қап,

Күмбір – күмбір күйіңді тыңдап алып.

 

Амал жоқ, бұра алмаймын атты кері,

Жағаңда қызыр қонып, бақ түнеді.

Сұлудың жанарындай мөлдіреген,

Теңізден артық едің, Мақшы көлі.

 

Ұшып ақ барар едім ара шалғай,

Қилы заман жаныма жара салдай.

Қубас атты Қабанбай ат шалдырған,

Аттың тауы тұрсың ба? Аласармай!

 

Кете барғам өзіңмен қоштастым да,

Тасы да тебіренбей жатпас мұнда.

Атқарып боп ғасырлық парызын сол,

Ақшоқы шөгіп жатқан ақбас бура.

 

Асылым қап барады тауымда осы,

Өртекес – Жетісудың қарындасы.

Сенде қалса әкемнің ақ бейіті,

Мына жақта бабамның жатыр басы.

 

Басыңнан өтті сенің талай сынақ,

Көрдің, көндің, көгердің жарайсың – ақ.

Кешегі үйсін бабам туын тіккен,

Жатқа қиям мен сені қалай шыдап.

 

Жаныңда жазылмастай жара жатқан,

Жаулығыңды есер жел ала қашқан.

Сен менің анам болып көрінесің,

Жау қолында жаутаңдап бара жатқан!

                                                                 

Ана тілім – бақытымның қайнары

 

Ана тілім – бақытымның қайнары!

Ана тілім – елдігімнің айбары.

Намысымды таптатпаған ешкімге,

Ана тілім – ар-ұжданның байрағы!

 

Тәңіріме жауа берсін мың мадақ,

Туылыппын осы тілде іңгәлап.

Ана тілім – анамыз ғой аяулы,

Анамызды аялайық гүлге орап.

 

Осы тілде – жылағаным, күлгенім,

Кешір ана қадіріңді білмедім.

...енді ес жиып, бұзып тастап келем мен,

Тас қамалын құлдық деген түрменің.

 

Ана тілім – сатпайтұғын саңлағым!

Ана тілім – баға жетпес бағланым.

Тек өзіңмен нұрлы менің айналам,

Тек өзіңмен биік менің шаңырағым!

 

Бажайлап бір назар салсам өткенге,

Ез басымды сүйрелепсің тек төрге.

Босағада сабыр сақтап тұрдың сен,

Төрге шығып өзге тілде бөскенде.

 

Алып шықтың барса келмес шөлдерден,

Алып өттің құбжығы мол көлдерден.

Ана тілім! Рахмет сол үшін –

Сенің арқаң тұрса бүгін өр кеудем!

 

Қанатыңды берейінші алтындап,

Көк аспанда қалықташы саңқылдап.

Дүн дүниенің төбесінен тіл қатшы,

Бабалардың рухындай жарқылдып!

 

Тобылғы түстес торы әуен

Жамалың неткен нұрлы еді! -
Елеусіз ғана 
беткейде өскен тобылғы.
Өңмеңдей келіп ит мұрын,
Шырмап апты-ау жолыңды.
Төркініне қарасақ,
Оныкі де орынды.

 

Елеусіз ғана
беткейде өскен тобылғы.
Қоп-қоңыр жапырағың
өзіңе қандай қонымды.
Жүрек тұсыма басайын,
Әкелші маған қолыңды.
Үстіңе жауып қояйын,
Шешіп алып тонымды.
Аңсарыңмен жұпарлы,
Аластайын жолымды!

 

Қарағай-қайың деп жүріп,
Байқамаптым өзіңді.
Гүлге арнаппым сезімді,
Кешір албырт кезімді.

Мені қайда салмады -
Жирен сөзді қара өлең,
Жапырақ түстес сары әуен.
Өзіңді әрең таптым-ау -
Тобылғы түстес торы әуен.
Билік болса қолымда,
мына әлемнің бетіне,
Торы бояу жағар ем!

Торы күй тыңдап,
Тербетіп әрі торы мұң.
Торы қыз берген шәйді ішіп,
Түс көріптім топ-торы:
Елеусіз өскен тобылғы, 
Орман бопты орының.
Тобылғы түстес толғанып,
Жақсылыққа жорыдым.

 

Аршын НҰРБАҚЫТҰЛЫ (Қарапайым адам)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.