Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

​Жетісу таулары

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 04.05.2018
Оқылды: 234 Печать страницы

Жетісу таулары

 

Таулар!

Таулар –

Ұқсайды тауға ғана,

Тау басқаға ұқсаса, тау бола ма?!

Қарашы,

Қарайыншы,

Қандай ғажап –

Ғажапты ғашық бұлттар, қаумалама!

 

Көзімнен күн жанады көргенімде,

Баладай бауырына енгенімде,

«Басыңды көтер!» дейді таулар маған,

Жабығып, жаным ауырып келгенімде,

 

«Басыңды көтер!» дейді «жұтпа қайғы,

Жамандар жерге қарап, бұқпалайды,

Тауларға таулар ғана иық тіреп,

Тауларға таулар ғана тік қарайды!

 

«Таудай бол!» демеп пе еді бабаң саған,

Биікте – бақтың бәрі сен аңсаған,

Әкесі таудай болса, соны көріп,

Таудай болып өседі балаң содан».

 

Қалады уайым да, қалар қайғы,

Жанарда жасыл таулар манаурайды,

Тауларға қараған жан қас-қағым сәт,

Ешқашан да аласа бола алмайды!

 

Бейне бір қағандардай жеңілмеген,

Сүйем жер, қарыс қадам шегінбеген,

Тауға шығам, шыққанда –  шыңында оның,

Барғандай жүздесуге Тәңірменен!

 

Таулар тау болып туады, тау боп өліп,

Ұл едім тауда туған, таудан өніп,

Көзінен замананың аунай беріп,

Өлермін, өлгенімде – тауға келіп.

 

Баура, тау,

Баура, кием,

Баура, баба,

Қарайын,

Ғашық бұлттар, қаумалама,

Таулар!

Таулар ұқсайды тауға ғана,

Тау басқаға ұқсаса тау бола ма?!.

 

 

 

Нағашыммен әңгіме

 

Сұлудай шілде желі сылаңдаған,

Жұтынып, самалына құмарланам,

Біресе тына қалып, бірде соғып,

Жайлауда, жайнаң қағып бұлаңдаған.

 

Жатса да бесін көшіп, екінді еніп,

Әлі тұр шілде күні отын беріп,

Шөкім бұлт көлеңкесі ұстатпайды-ау,

Қалқаның қарашығы секілденіп.

 

Топырақ шөптің сөлін ішетіндей,

Ағарып, ақжемденген құс етіндей,

Қанатын қараторғай қағып қалса,

Бүкіл дала лап ете түсетіндей.

 

Ащы күн, аптап ыстық аңқаны алып,

Шығады мал даусы да маңқаланып,

Бұтасы тораңғының құмға кіріп,

Кетіпті кебе-кебе жаңқаланып.

 

  • Көрдің бе? – деді көкем кенет маған,

Торғайды тораңғыға қонақтаған,

Шіліңгір ыстықта да шымқай қызыл,

Шыңылтыр аязда да жалақтаған,

 

кетпейді ол бұл даладан, мекені осы,

Жусаны, тобылғысы, бетегесі,

Бәрі де – өзінікі, оған бауыр,

Оған бауыр боп кеткен көкең осы.

 

Біз – бәріміз бауырмыз, тас та, құм да,

Айқай дала, айқара аспаның да,

Анау бабам бейіті де, мазарлар да,

Соқпағым да, сайым да, бастауым да.

 

Байланғанбыз, тамырмен байланғанбыз,

Бәріміз бір кісіге айналғанбыз,

Жайлансақ та бірігіп жайланғанбыз,

Қайралсақ та бірігіп қайралғанбыз.

 

Осы дала – боз дала – жөргек маған,

Мені осы далада тербетті анам,

Осы жердің уызын қанып ішіп,

Қарындасың бойжетті, ержетті ағаң.

 

Біздер осы далаға ие, ботам,

Сүйген оны бабаң да, сүйеді атаң,

Көшпейді қазақ қарашаңырақтан,

Қарашаңырақ деген – киелі Отан!

 

 

 

Алақан мен шапалақ

 

Сахнаның арты... сайланған көңіл самғауға,

Десе егер біреу: «Ақыным, аттан, бар жауға!»,

Аттанып кетер албырт шақ алабұртады,

Атқақтап жүрек, ғасырмен түсіп арбауға.

 

Өлеңін оқып өрекпіп келген өндір шақ,

Өрімтал достан сұрағым келіп мен бір сәт,

Оқталдым дағы, тоқталып барып сұрадым:

«Өлеңді жақсы тыңдай ма халық?»

 

«Ел бұл шақ,

Өлеңге сусап қалған-ау, сірә, дос» деді,

Халықтың көңілі – алтындай қымбат көшпелі:

Шапалақтардан жаңғырып тұрды зал іші,

Біздің де көңіл жаңғырықтармен өскені.

 

Ал, достың бір бос келді енді тайлақтай,

Біз де үнсіз қалдық, әрнені тағы ойлатпай,

Шапалақтардан жаңғырды тағы зал іші,

Жаңғырық бірақ – қыжылдап жатты қайрақтай...

 

Шамасы оның нашарлау болды-ау өлеңі,

Нашарлау емес ол достың, бірақ, әлемі,

Тапқанын оқып, таңдауы қате болды ма,

Тартпада жатқан талай жырлары бар еді...

 

Арада, айлар, әйтеуір, білем, жыл өтпей,

Жолықтық тағы, жырлар оқыдық жібектей,

Алақан көрген – шатпақтап келді (тақпақ па?!),

Шапалақ жеген – атқақтап келді жүректей.

 

Ойландық сонда, құдай-ау, бұған не себеп,

Сор да артық, бәлкім, бақ та артық, берсе еселеп,

Жақсы өлең оқып жас ақын түссе мінбеден,

Жағынан тартып жіберер кейде қошемет!..

 

Ерлан ЖҮНІС (Оғлан Қыбырай)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.