Навигация

Серіктестер

Мәңгілік елдің мәйегі

​Атамыз – Алтай, Анамыз – Дала

Санат: Мәңгілік елдің мәйегі
Уақыты: 07.05.2018
Оқылды: 212 Печать страницы

Атамыз – Алтай, Анамыз – Дала

 

Атамыз – Алтай, Анамыз – Дала,

Қол тимеген-ді жағамызға да,

Темірді түйіп, Тәңірді сүйіп

өткерген күннің бәрі «аңыз» ғана.

 

Сүйсініп сипап жылқының жалын,

Жауынгер қылған жұртының бәрін,

Жорытқан кеше Күннің түбіне

Ұмытпа, дүние, түркінің барын.

 

Тәңірі көкте алқалап тұрып,

Айдай жүзінен Ар тарап тұрып,

Жарты ғаламды жаулаған бабам,

Шартараптарда салтанат құрып.

 

Асқақтық рухын уыстап туған

Тауларды көрдім Ту ұстап тұрған,

Жауларды көрдім жер құшып жатқан,

Балбалды көрдім тыныстап тұрған.

 

Тербеткен талай Тұран даланы

Құлағыма кеп қырандар әні -

Алтынемелден асып жатқанда

Алты жүз ұлдың* ұрандағаны.

 

Білегі мығым, жүрегі бекем,

Қанша ұлың сенде түледі екен,

Қанменен бірге қасиет сіңген,

Қайран да біздің киелі мекен!

 

Бәрін де көрдің, бәрін де кештің,

Дәуірі жүрмей ақыл-кеңестің,

Адам-Құдайлар арқырап шығып,

Тілдесе де алмай Тәңірмен ешкім,

Тынышын түздің ала қашқанда,

Күллі әлем мидай араласқанда,

Қара түс шығады екен ғой, дүние-ай,

Ақ пенен қызыл жағаласқанда.

 

Аласапыранда, арпалыстарда

жас жолбарыс пен қарт арыстанға

кезенген мылтық көміліп жатыр

көлеңкелер мен қалтарыстарда.

 

Жеті қабат жерге, жеті қат көкке

жасырсақ рухын таба алмас деп пе?!

Жеті қат көктен қона алмас деп пе?!

Жеті қабат жерден оралмас деп пе?!

 

Рухым – қалың қорымым ба екен?!

Қобызым тартқан қоңыр үн бе екен?!

Жоқ іздейтұғын жорығым ба екен?!

Өзегін тапқан өмірім бе екен?!

 

Оралып рухым, жаңғырып келем,

Даң қылып емес, таң қылып келем.

Жаңғыру деген – мың мезеттердің

түйіскен тұсы мәңгілікпенен.

 

Уақыт енді бағалатады,

Бақ болып қонып Далаға тағы,

Күн басты адам сәулесін шашып

күлімдеп сонда бара жатады.

 

Күн басты адам - тәңірқұтымды

түгендей білсем жаным бүтін-ді.

Дүрліккен дүние дүрмегіндегі

жаңғыру – менің жарығым сынды.

 

Қақым жоқ менің тұйықталуға,

Қақым жоқ менің сұйықталуға

Рух дейтұғын періштелерім

отырған кезде иықтарымда.

 

* Орбұлақ шайқасындағы алты жүз әскер

 

 

 

Жетісумен сырласу

 

Жетісудың арналы жеті өзені,

Сені ағыс, мені арман жетеледі,

Сен көлге, ал мен көкке ұмтылмасам,

Дүние дүбірсіз боп өтер еді.

 

Қарасаң, қадау-қадау тауларым бар,

Қалыбымды содан-ақ аңғарыңдар.

Соларға қарап өскен заңғар ұлдар,

Соларға қарап өткен мәңгі арулар.

 

Қамымен қара қазан, сары баланың

мәреге жеткен кезде майдан-ағын

батырлар болашаққа жәдігер деп

Көлсайға қадап кеткен найзаларын.

 

Болған соң сурет сұлу, сөз кесімді,

Шарын да көңілге орнап, көзге сіңді,

Қыртыстап жинап алып бір Ұлы қол

қайтадан жаза салған бөз секілді.

 

Меймандар келсін мұнда, көрсін бәрін,

Болмайды бұл байлықты қомсынғаның,

Ала жаздай алыстан қолын бұлғап,

Алакөл сапырғанда толқындарын.

 

Ал Айғайқұм...Жасырды нені шыңы?

Құм мен көктің құпия келісімі?

Мен білсем, тау басынан естілетін

шың ғана шырқайтұғын Жеңіс үні.

 

Аққу-қаз, кекілік пен қырғауылың,

Олар да сен сүйетін бір қауымың.

Қойныңа қонақтап жүр,

Құт мекенін

әрқайсы өз тілінде жырлау үшін.

 

Жусаның, сексеуілің, өлеңшөбің,

бауырыңда көктесе, көгерсе мың,

Мен де бір тау құшақтап тұрар едім,

Шыршаң болып шаншылсам егер сенің.

 

Киелі әр тауың да, әр тасың да,

Мың жылдық таңбасы бар жартасыңда.

Бақыттан басым қалай айналмасын

Жүрген соң осылардың ортасында.      

 

 

Алматыға наз

 

Аққала-арман соғып ем мамық қардан,

Ол да еріді аяздан жалыққаннан.

Аспанға бу боп ұшқан арманымды

ақ бұлттарың аялап алып қалған.

 

Уыстап шашар жерге күмісі бар

мына бұлт та солардың бірі шығар.

Ендеше, жауыныңмен жайнап өскен

әр гүліңде менің де тынысым бар.

 

Деуші едім «Күллі өмірім өлең үшін»,

Бөлек қазір сыртым да, бөлек ішім.

Құшағыңнан шыға алмай қалып қойған

жастығымды қайтарып беремісің?

 

Жалын шағым, шаттығым, арман, күлкім

кеткенімен жырақтап беріп сыртын,

Ақ тұманның ішінен жылт-жылт етіп

көрініп қалардайын дүркін-дүркін.

 

Бұл тұман бұрынғыдан басқа тұман,

Несіне оған енді бас қатырам,

Бұлттарым жанымды кеп жуып кетсе,

Жылжып кеп Алматының аспанынан.

 

Білсем ғой тұманданды қала неден,

Бәлкім онда әлі де алаң-елең?!

«Алматыға түбінде кетем», - десем,

Жарқ еткізіп жанарын қарады Өлең.

 

 

Сағыныш НАМАЗШАМОВА (Қарлығаш)

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.