Навигация

Серіктестер

Жұмыс көрсеткіштері

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2017 жылы атқарған жұмысы туралы АҚПАРАТ

Санат: Жұмыс көрсеткіштері
Уақыты: 10.01.2018
Оқылды: 193 Печать страницы

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) 2017 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама)  іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізді.

Облыс бойынша «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудан, қалаларда орналасқан 9 филиалы, барлығы 10 орталық жұмыс істейді.

Жыл басынан мемлекеттік тілді оқыту курсына 1339, ағылшын тілін оқыту курсына 423, орыс тілін оқыту курсына 46 тыңдаушы қабылданды. Барлығы 1808 тыңдаушы дәріс алды.

2017 жылы Қазтест жүйесі негізінде  диагностикалық тест тапсырғандар 24 294, сертификаттық тест тапсырғандар 483, барлығы 24 777 адам.

Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83, ағылшын тілін меңгергендер 9, үш тілді меңгергендер 8,5 пайызды құрады.

Тоқсан сайын жүргізілетін мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 2017 жылы 99,4 пайызды құрады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдымызға таяу жылдардағы орындайтын міндеттерді жүктеп, бірнеше жобаны жүзеге асыру қажеттігін тапсырды. Соның біріншісі – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі.

 Облыс әкімдігінің қолдауымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарының 14-тармағына сәйкес қазақ тілі әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөнінде жұмыс тобы құрылып, жұмыс жоспары бекітілді.

«Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобының аудан, қалаларға түсіндіру жұмыстарымен шығу кестесіне сәйкес 2017 жылғы 12 қазан - 23 қараша аралығында аудан, қалаларда кестеге сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 16 аудан, 3 қаланың 70 елді мекенінде жүргізілген түсіндіру жұмысына  299 ауылдың 12 480 адамы  қамтылды. Басқарма тарапынан қазақ тілінде «Жазу тарихы», «Латын әліпбиінің қолданылуы» атты тақырыпта қазақша-орысша әдістемелік кітапша шығарылып таратылды.

 Сондай-ақ, қазақ тілі әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру және үш тілділік жөнінде ел арасында оң көзқарас тудыру мақсатында сауалнама жүргізілді. Сауалнамамен облыс көлемінде 65 мыңнан астам респондент қамтылып, талдау жасалды. Нәтижесінде сауалнамамен қамтылған  респонденттің 75,7 пайызы ел болашағы үшін латын әліпбиіне көшудің қажеттігін қолдайтындығын көрсетті.

Сонымен қатар «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты семинар-кеңес, «Латын әліпбиі: техникалық мүмкіндіктер» және «Латын әліпбиі: жаңғыру – жазудан басталады» атты жиын, «Ұлы даланың рухани жаңғыруы» облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, «Ұлы дала елінің ұландары» облыстық байқауы, «Қазақстанның келешектегі кемел жазуы» атты дөңгелек үстел, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобының кезекті 6 отырысы өткізіліп, хаттамасы толтырылды.

Облыс бойынша қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бойынша 67 дөңгелек үстел, 20 конференция, 29 кездесу, 35 пікір алмасу, 51 ақпараттық сағат, 9 форум, 27 дебат, 14 акция, 6 семинар, 1 брифинг  өткізілді.

Ұйымдастырылған шаралар жөнінде әлеуметтік желілірде, республикалық, жергілікті БАҚ-та 1342 материал жарияланды.

Іс шаралар жоспарына сәйкес «Жетісу» телеарнасымен бірлесе дайындалған «Латын әліпбиі өркениетке тура жол» атты 6 бейнеролик, «Буккроссинг» жобасы бойынша 2 бейнеролик «Жетісу» телеарнасынан көрсетілуде.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының, зиялы қауым және жастардың қатысуымен ұйымдастырылған «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасының арнайы түсірілімінде қазақ әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөнінде маңызды пікірлер айтылды.

Көпшілікті кітап оқуға тарту мақсатында «Челлендж», «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты «Буккроссинг» еркін кітап алмасу облыстық жобасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Жыл басынан «Жетісудың әдебиет айдыны» атты әдеби-мәдени кеш, тіл және өнер қайраткерлеріне арналған «Тағзым-3» шарасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация» республикалық семинар, «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Үздік ұжым», «Тіл – парасат», «Текті сөздің төресі – терме», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері облыстық байқаулары, «Тілдарын» олимпиадасы, «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» форумы, «Өңірлердегі ономастикалық атауларды реттеу мәселелері» семинар-кеңес,  «Қазтест бағдарламасы негізінде білім деңгейін бақылау жүйесі» атты семинар ұйымдастырылды.

 «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауында облыстық «Жетісу» телеарнасы «Тілсақшы» бағдарламасының редакторы М. Абитаева Бас жүлдеге, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің І курс студенті Д. Қазтай «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауында ІІІ орынға, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» республикалық байқауында «ЭКСПО-2017» тобы  (Талдықорған қаласы)  жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Облыстық ономастика комиссиясының 2017 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Ескелді, Ұйғыр, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласындағы  ономастикалық ахуалдың жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді түзету бойынша аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарларының есебі тыңдалды.

Комиссия отырысында 1 ауылдық округке, 7 ауылға, 62 көшеге, 11 әлеуметтік нысанға атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, 5 әкімшілік-аумақтық бірлікке, 57 көшеге, 2 әлеуметтік нысанға оң қорытынды берілді.

Қазіргі таңда 16 аудан, 3 қаланың 100%, 256 ауылдық (кенттік) округтің 97,2%, 741 елді мекеннің 97,3%, 12000 көшенің 95,7% мемлекеттік тілде аталады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының «Тілдерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты оқу құралы, Басқарманың тапсырысымен Алматы қаласындағы Мемлекеттік тілді дамыту институтымен бірлескен «Алматы облысындағы тілдік ахуал» атты әлеуметтік және аналитикалық зерттеу жинағы жарық көрді.

 Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан облыстағы тіл мәселесіне қатысты атқарылатын жұмыстар жүйелі түрде  жалғасатын болады.

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2018. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.