Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫНДАҒЫ ОНОМАСТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ҚЫСҚАША ШОЛУ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 17 Печать страницы
ТАЛҒАР АУДАНЫНДАҒЫ ОНОМАСТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ҚЫСҚАША ШОЛУ

          Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастикалық жұмыс және талдау бөлімі  қыркүйек айында Талғар ауданындағы ономастикалық ахуалдың жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізген болатын.

         Зерделеу барысында аудан әкімдігі жанынан құрылған ономастикалық жұмысшы топтың жоспарына сәйкес көше аншлагтарының ресімделуі және көрнекі ақпарат, жарнама тілінің Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңының және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды.

        Аудан әкімінің 2017 жылғы 1 ақпандағы №02-15-өк өкімімен ономастикалық мәселелер бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес жылына 4 отырыс өткізілген.

        Ономастика саласын оңтайландыру мақсатында мекеме басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің және ондағы тілге жауапты мамандардың қатысуымен 2018 жылы – 4, 2019 жылы – 2 жиын өткізілген.

        Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бойынша аудандық «Талғар» газетінде 50-ге жуық мақала жарияланған. Сондай-ақ, аудан бойынша тіл мәселесіне қатысты 2 билборд, 11 панно жасалған.

        Бүгінгі күнге ауданға қарасты 12 ауылдық округ, 47 елді мекен, 1671 көше, 42 білім мекемесі (13 қазақ, 2 орыс, 27 аралас мектеп ), 1 аудандық мәдениет үйі бар. Оның ішінде 6 елді мекен, 949 көше, 11 мектеп тарихи тұлғалардың есімімен аталады.

        Ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына 2018 жылы 303 (1 ауыл, 302 көше), 2019 жылы 360 (1 ауыл, 359 көше) ұсыныс жолданған.

        Халыққа қызмет көрсету орындарындағы (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) деректемелер мен көрнекі ақпараттардың заңнама талаптарына сәйкес ресімделуін қадағалау мақсатында аудан көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өткізілген. Онда 108 рейдтік тексеру жұмыстары жүргізіліп, 96 кемшілік анықталған. Оның ішінде түзетілген кемшіліктердің саны 75. Аталған шараның жұмысын насихаттау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 20, әлеуметтік желілерде 40 мақала жарияланған. Дегенмен, ономастикалық ахуалды жақсарту барысында атқарылған жұмыстармен қатар кемшіліктер де орын алуда. Аудандағы Грушовая, Заводская, Мира, Набережная, Садовая, Школьная, Заречная, Береговая, Ключевая, Новая, Молодежная секілді идеологиялық тұрғыдан ескірген 234 көше мен Қызыл Ту-4 ауылының атауы өзгертуді қажет етеді; Зерделеу барысында ұсынылған 1627 көшенің 384-де атауын растаушы құжаттары (шешімдері) жоқ; Мекен жай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректер қорында аудан бойынша 2056 көше тіркелген, ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметі бойынша 1671 көше (айырмашылығы 385 көше). Сондай-ақ, аталған деректер қорының қазақша нұсқасында кейбір көше атаулары орысша бұрмаланып жазылған. Мәселен, Гөлдала ауылы, М.Маметова, Жансугуров көшелері;

       Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы №703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидасына сәйкес, құжатты ресімдеу кезінде пайдаланылатын бланкілерде ұйымның ресми атауы мен ұйым туралы анықтамалық деректер көрсетілу керек. Осы орайда, кейбір ауылдық округ әкімдіктерінің бланкілері мен мөрлерінде мекеме атауы әр түрлі жазылған:

 

Бланкілерде:

Мөрлерде:

Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округінің әкімі

«Талғар ауданының Гүлдала ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі

Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі

«Талғар ауданының Панфилов ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі

Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласының әкімі

«Талғар қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі

 

  • Қаржы, ауыл шаруашылық, спорт, білім, автомобиль жолдары бөлімдері пайдаланылатын бланкілерде Қонаев даңғылы, ал басқа бөлімдердің бланкілерінде Қонаев көшесі делінген;
  • Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №72-V Заңының 1-бабы, 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, бүкiл мәтiн бойынша «ауыл (село)», «ауылдық (селолық)», «ауылдардың (селолардың)», «ауылдарды (селоларды)», «ауылдар (селолар)», «ауылдарға (селоларға)» деген сөздер тиiсiнше «ауыл», «ауылдық», «ауылдардың», «ауылдарды», «ауылдар», «ауылдарға» деген сөздермен ауыстырылған. Алайда, Белбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының мөртабанында Белбұлақ селолық округі деп жазылған;
  • Халыққа қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес ресімделмеген. Мысалы:
  • D.A. QONAEV ATYNDAGY ÝNIVERSITETINIŃ KOLLEDJI және M. BISEBAEV ATYNDAG’Y TALG’AR AGROBIZNES JA’NE MENEDJMENT KOLLEDJI деген атауларда:
  1. ATYNDAGY, ATYNDAG’Y, TALG’AR, JA’NE – деген сөздерде ғ, ә дыбыстары апостроф арқылы Ǵ, деп жазылады;
  2. KOLLEDJI, MENEDJMENT – сөз ортасында лл дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазылады және дж әріп тіркесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп, қосымшалар үндестік заңы бойынша жазылады;
  3. Дұрыс нұсқасы – D.A. QONAEV ATYNDAǴY ÝNIVERSITETINIŃ KOLEJI, M.BISEBAEV ATYNDAǴY TALǴAR AGROBIZNES JÁNE MENEJMENT KOLEJI;
  • Нотариальная контора, Все виды интернет услуги, Агенство недвижимости Канцтовары, Независимая оценка имущества, Узаконение индивидуального жилого дома секілді қызмет түрлері орыс тілінде жазылған;
  1. Образовательный центр «МЕДЕЯ» білім орталығы, BON STYLE сұлулық салоны, Дом моды Евгения сән үйі секілді нысандарда мәтіндердің орналасу тәртібі дұрыс сақталмай Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 21-бабына қайшы жазылған;
  • BIG Family, NICE street food тек ағылшын тілінде жазылған;
  • Кейбір көше аншлагтарында ул. Садовая, ул. С. Муратбаева, ул. Курчатова, ул. А. Матросова деп орыс тілінде жазылған.

Аудандағы ономастикалық ахуалды ретке келтіру мақсатында төмендегідей ұсыныстар жасалды:

  1. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес аудандағы ономастикалық ахуалды ретке келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізу;
  2. Аудан әкімдігі жанынан құрылған ономастикалық жұмыс тобының жұмысын жүйелі жүргізу;
  3. Атауын растаушы құжаттары (шешімдері) жоқ көшелердің құжаттарын заңдастыру;
  4. «Мекен жай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректер қорына енгізілген мәліметтердің қатесіз болуын қадағалау;
  5. Мемлекеттік мекемелер мен халыққа қызмет көрсету орындарына (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) әдістемелік көмек көрсете отырып, деректемелер мен көрнекі ақпараттардың сауаттылығы мен заңдылығын қадағалау;
  6. Анықтамада көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды жою және болашақта оларға жол бермеу мақсатында, зерделеу қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспарын құрып, жүзеге асыру.

 

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.