Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 50 ОҚУШЫ ҚАТЫР ТҰРЫП ҚОБЫЛАНДЫ ЖЫРЫН ЖАТҚА АЙТТЫ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 11.06.2019
Оқылды: 25 Печать страницы
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 50 ОҚУШЫ ҚАТЫР ТҰРЫП ҚОБЫЛАНДЫ ЖЫРЫН ЖАТҚА АЙТТЫ

            Ұлттық мәдениетіміздің ең үлкен бір саласы – көркем әдебиет десек, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті саласының бірі – батырлар жыры.

             Жас ұрпақтың жігерін жанып, асыл сезімдерін ұштауға батырлық жырлардың тигізетін ықпалы мол. Сондықтан да қазіргі жаһандану заманында батырлар жырының қуатты күшін тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды Отан сүюге баулуға, азаматтық міндеттерге үндеуге пайдалану басты мақсат болып отыр. 

               Жуырда Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайында» облыстық  «Жыр – жауһар» байқауы  болып өтті.

             Онда қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі — «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын толық, жатқа айту бойынша  Алматы  облысының барлық аудан, қалаларынан  -  51 оқушы қатысты.  Іріктеу кезеңінен кейін  15 оқушы екінші айналымға өтті.

           Байқауға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беретін ұйымдардың 6-11 сыныптарының оқушыларына қатысуға мүмкіндік берілді.

         Кіл жүйріктің ішінен кім жүйрік екенін анықтап, баға беріп, төрелік еткен қазылар алқасының құрамында  облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Н. Әбдірахым, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  аға оқытушысы, ф.ғ.к, профессор Қ. Сарбасова,  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  аға оқытушысы, ф.ғ.к., профессор Г. Сырлыбаева, Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайының» директоры Л. Есболова,  облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, айтыскер ақын А. Бұлғақов, облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюссері Ж. Жайлаубаев, Талдықорған қаласы білім бөлімінің әдіскері Л. Жүнісбек, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аға оқытушысы Ж. Елесбаева  болды.

           Байқауда бақ сынаған  үміткерлердің оқу мәнері  мен актерлік шеберлігіне де үлкен   мән берілді. Нәтижесінде  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ІІІ дәрежелі дипломдарымен Берікжанқызы Балжан (Іле ауданы), Ауталипова Жансая (Панфилов ауданы), Чапай Аружан (Еңбекшіқазақ ауданы) марапатталса, ІІ дәрежелі дипломдарымен Жайырбай Жігер (Алакөл ауданы), Хамза Жұлдыз (Балқаш ауданы) марапатталды.  Ал Кеген ауданынан келген Аллажар Меруерт  І дәрежелі дипломға ие болды.   Бұл байқауда бағы мен бабы қатар шауып, «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын мүдірмей жатқа айтқан, Іле ауданынан келген оқушы Төлегенов Ерасыл бас жүлдені қанжығасына байлады.  Сол сияқты, ынталандыру сыйлығы, талпыныс номинациясы бойынша ақшалай сертификаттармен 8 үміткер, және  байқауға  қатысқан барлық оқушы басқарманың Алғыс хатымен марапатталды.

 – Ауыз әдебиетімен сусындап өспеген,  оны жете білмеген ұрпақ ертең тіліне жаны ашитын, туған жеріне  қызмет ететін, өз елінің нағыз патриоты болып өседі деп айту қиын. Сондықтан да бүгінгі   байқауымыз  аз  да болса оң септігін тигізеді  деп сенеміз.

               Талай ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұрамыз ауыз әдебиетіміздің жауһар жырларын насихаттайтын,  батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытып, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыратын мұндай игі шара болашақта да өз жалғасын табуы керек – деді Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Башбаев.

             Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – шара соңында байқауға қатысуға келген  50 үміткер қатар тұрып  ұзынсонар жырды хормен жатқа айтты. Бұл кеш тек қатысушыларға ғана емес, жыр сүйер қауымға да әдемі әсер мен  шалқар шабыт сыйлады.  Мұндай игі бастама міндетті түрде өз жалғасын табуы керек деген зиялы  көрермен де  мол рухани азық арқалап қайтты.

 

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.