Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

ТІЛ ТАРИХЫ: ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛНАМА БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 148 Печать страницы
ТІЛ ТАРИХЫ: ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛНАМА БАЙҚАУЫ ӨТТІ

       Бүгін қазақ басылымдарының қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің  жүз жылдық мерейтойына орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті.  Жиында сөз алған  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев:

     «Егемен Қазақстан» газеті қазақ тілінің дамуы мен ұлттық тіл қорының жасақталуына, барлық мемлекеттік, қоғамдық   іс шаралардың насихатталуына өлшеусіз үлес қосып жүрген отандық ақпарат кеңістігіндегі ерекше орны  бар,  өзіндік дәстүрі мен мол тәжірибесі қалыптасқан белді басылым. Байқауды ұйыдастырудағы мақсатымыз да осы. Ғасыр төрінен орын алған басылымның қазақ баспасөзіндегі орны мен мемлекеттік тілді  насихаттаудағы рөліне баса назар аудару, басылымның халық арасында қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшірудің маңыздылығы мен  өміршеңдігін дәріптеудегі ерекшелігіне тоқталу болатын – деп шараның мақсатын айқындап берді.

     «Өлке тынысы»  ЖШС директорының орынбасары Болат Абаған, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұхаметқали қазылық еткен байқау жеңімпаздары: Болат Мәжит (І орын), Дастан Қастай (ІІ орын), Қажет Андас (ІІІ орын) болды. Сондай-ақ, Мұхтар Күмісбек және Асхат Өмірбаев ынталандыру сыйлығы табысталды.

     Жүлдегерлерді марапаттау үшін  шараға «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ардагер журналист, ақын  Әли Ысқабай, сатирик жазушы Тұрлыхан Кәрім арнайы шақырылды. Аталған басылымда қызмет еткен ардагер журналист Әли Ысқабай еліміздің рухани-мәдени  өміріндегі газеттің маңыздылығына тоқталды.

     Салтанатты шара соңында сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қ. Мұхаметқали: Бұл басылымда бұрын-соңды қызмет еткен журналистердің сексен пайызы Алматы облысында туған екен. Бұл дегеніміз, Алматы облысында журналистиканың дамып, қасиетті Жетісу топырағынан дарындылардың көптеп шығатындығының дәлелі болса керек – деді.  Жақын күндері жүз жылдық тарихы бар газет қоры заман талабына сай  цифрлы форматқа көшіріліп, газет беттерінен орын алған қазақтың тарихы мен саясаты, мәдениеті мен әдебиеті ғаламтор арқылы қалың оқырманға қайта  жол  тартатынын жеткізді.

     Сондай-ақ, басылымның жүз жылдық мерейтойына байланысты мұндай игі  шараны  аймақтар арасында Алматы облысы  бірінші болып өткізіп отырғанын айта келіп,  «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің атынан,  газеттің барлық  шығармашылық ұжымы атынан, екі жүз мың оқырмандары атынан  Алматы облысының әкімдігіне,  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі  басқармасына алғысын жеткізді. 

 

 

 

 

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.