Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

ТОЛҒАМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 48 Печать страницы
ТОЛҒАМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН

Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тілге қамқорлық жасалып, оның аясын кеңейтуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ әліпбиінің латын графикасына ауысуына баса назар аударылған.

Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың болашаққа бағытталғанының айқын айғағы. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол. Сол жолда жасалған әр іс іргесі берік елдің бекем келешегіне кірпіш болып қаланары сөзсіз. Мәңгілік елдің мәуелі бәйтерегі – төл әліпбиін қолдау мақсатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Еліміздің тіл саласындағы зерттеуші ғалымдары мен шетелдік жетекші университеттердің профессорлары арнайы шақырылған жиында тіл мамандары мен жанашырлары, ұстаздар және БАҚ өкілдері бас қосып, өзекті тақырып тұрғысында тұжырымды ой қорытты.

Қазіргі таңда тіл саласының жетекші ғалымдарының жауапкершілігіне үлкен міндет жүктеліп отыр. Ол бекітілген әліпбидің қолайлы емле ережесін түзу. Осы маңызды шарамен айналысып отырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбек: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына байланысты ауызша түрдегі қазақ сөзі өзінің қызметін өрістете түсуге мүмкіндік алады. Жаңа латын әліпбиін пайдалану тікелей орфоэпияға қатысты болып тұр. Өйткені, акут әліпбидің еміле-ережесі бойынша қазақ сөзінің орфографиясы мен орфоэпиясы арасында едәуір қайшылықтар пайда болғалы тұр. Сондықтан қазақ сөзінің орфоэпиялық үлгісін реттеп алу өзекті мәселеге айналып отыр» - деп ой тұжырымдады. Бүгінде ғалымдар алдағы жылда бекітілетін ереженің жобасын ұсынып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап та кеткен. Ондағы мақсат, халық пікірін ескере отырып, олқылықтардың орын алмауын қадағалау. «Қыркүйек айының бастапқы күндерінен бастап біз еліміздің барлық жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына емле ережелердің жобасын жолдадық, барлығы 52 кафедраға. Бұл кафедралар жобаны өздерінде ғылыми талқыға түсіріп, бізге хаттамаларын жіберіп отыр.  Яғни емле ережелер еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылды. Оның бер жағында орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсындық. Олардың да пікірі алынды. Осы келіп түскен пікірлерді, ескертпелерді, ұсыныстарды «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары және орфографиялық топ мүшелері сараптап, олардың ескеруге тиістілерін ақылдаса отырып, емле ережелер жобасына енгізуде», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  атқарушы директоры Ербол Тілешов.

Сондай-ақ, жиын барысында өзге де ғалымдар келелі ойларымен бөлісті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Қыздархан Рысберген «Латынграфикалы жаңа ережедегі ономастикалық атаулардың орны: сараптау және пікір» тақырыбында баяндама жасаса, аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Айман Алдаш шеттілдік сөздердің  латыннегізді әліпби  бойынша орфографиялануы жайында толғамды тұжырым айтты.

Сонымен қатар, ордалы отырыста АҚШ, Түркия, Қырғызстан елдерінің зерттеуші ғалымдары қатысып, Қазақстанның латын қарпіне өтуі туралы шешімінің тарихи оқиға екендігін баса айтты. Еліміздің түркі әлеміндегі орны мен рөліне тоқтала отырып, жаңа қазақ латын әліпбиінің артықшылығы мен кемшілік тұстарына ғылыми тұрғыда шолу жасады.

Сонымен, халықаралық конференция түйткілді шешіп, тура жолды айқындаған келелі кеңес болды. Келешегі кемел елдің қасиетін қанына сіңіріп, Ұлы Даланың бесігінде тербелген халық Мәңгілік елдің тілі де мәңгілік болуын көксейді. Сол Ұлы мақсат жолында атқарылып жатқан ортақ  істер баянды болғай.

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2018. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.