Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ІЗДЕНІС, ДАЯРЛЫҚ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 11.10.2018
Оқылды: 137 Печать страницы
ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ІЗДЕНІС, ДАЯРЛЫҚ

Тіл мен тарих егіз ұғым. Ұлт тарихының түп қазығы – латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын графикасына негізделген әліпбиге кезең-кезеңмен көшіру мәселесі жан-жақты қарастырылып, 2025 жылға дейін толықтай көшіру жоспарланған болатын. Маңызды қадам бірнеше байыпты кезеңдерден тұрады. Ол кезеңдер парасатты ұстаныммен қатар, ізденіс пен даярлықты қажет етеді. Осы орайда, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі: ізденіс, даярлық» атты семинар-тренинг өтті.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары арнайы шақырылған жиын түске дейін қаламыздағы білім ордаларының директорлары мен оқытушыларына өткізілсе, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінде жалғасын тапты.

«Төл әліпбиден төл сөз қалыптасады, төл сөзден ұлт тілі қалыптасады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі біздің төл тарихымыздың қазығы екенін осы уақытқа дейін айтып келеміз. Ендеше, тарихымыз бен тіліміздің сабақтасар сәтіне барша қауым аса үлкен даярлықпен қадам басуы керек», - деді семинарға модераторлық еткен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі, доцент, ф.ғ.д. Қарлығаш Айдарбек латын әліпбиі және терминжасам ұстанымдары хақында жүйелі ой өрбітті. Ал, аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері, доцент, ф.ғ.д. Ботагөз Сүйерқұл «Қазақ әліпбиінің өзекті мәселелері» тақырыбында сөз қозғап, ел тарихымен тамырлас қазақ әліпбиінің терең тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу кезеңдерінің қалай жүзеге асатыны жайында хабар беріп, көпшілікті толғантқан сұрақтарға жауап берді. «Қазіргі таңда ғалымдар төл әліпбиіміздің дұрыс қалыптасып, кеткен олқылықтардың орнын толтыру жолында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Оқулықтар, даярлық топтары әзірленуде. Сол себепті, үлкен маңызы бар қадамнан кішігірім қиындықтарға бола бас ала қашудың қажеті жоқ. Әр азаматтың патриоттық сезімі мен мызғымас сенімі болса, қазақ елінің бағындырмас асуы жоқ», - деп ой қорытты Ботагөз Мырзабайқызы. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Бауыржан Жонкешев «Латын графикалы қазақ әліпбиі және баламасыз терминдерді игеру жолдары» тақырыбы хақында сүбелі сөз қозғады. Облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов көпшілікті баршаға ортақ іске бел шеше кірісіп, туған тілге деген құрметті арттыруға шақырды. Жиын барысында қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тиянақты жауаптар алды.

Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Тіл халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. «Ана тіл-асыл мұра». Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу барша жанның тікелей борышы екендігі даусыз.

 

 

 

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2018. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.