Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

КӨРКЕМСӨЗ ШЕБЕРЛЕРНІҢ БАЙҚАУЫ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 213 Печать страницы
КӨРКЕМСӨЗ ШЕБЕРЛЕРНІҢ БАЙҚАУЫ

Халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деп тұжырымды ой айтқан. Ой түбіндегі асылды сүзіп алып, көркем тілмен бояп жеткізу қазақ елінің ғана болмысына тән қазына. Қиыннан қиыстырылған  сөз патшасы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер теп-тегіс болсын деп Ұлы Абай данамыз да көркем сөздің үлгісін көрсетіп кеткен.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай жастардың тіл байлығын арттыру, қазақ тілінде шығармашылық қабілеттерін, оқу шеберліктерін дамыту мақсатында Талдықорған қаласында орналасқан колледж студенттері арасында «Көркемсөз шебері» облыстық байқауы өткізілді. Әр білім ордасынан 3 адамнан тұратын топ қатысты.  Аталмыш додаға қатысушылар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Атап өтер болсақ, бірінші кезеңде әр топ өз колледждерін, топтың атауын, қатысушыларды таныстырды. Ал, келесі кезеңде ақындардың шығармаларын нақышына келтіріп оқудан сайысқа түсті. Соңғы айналым мақал-мәтел жарысымен жарасым тапты. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы Башбаев: «Бүгінгі байқау кеудесі рухқа толы жас өркеннің әдебиет атты ұлт қазынасын сарқып алып, тұнығын паш етуіне жол ашады. Құрметті жас достар, байқау алдында сіздерге сәттілік тілеймін. Мәдени мұрамыздың ендігі шырақшысы өздеріңізсіздер.  Бүгін оны дәлелдейсіздер деп сенемін» - деп лебізін білдірді.

Көркемсөз шеберлерінің тартысты додасы төмендегідей қорытындыланды. Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгерлерінен құралған «Мизам», Талдықорған агротехникалық колледжінен «Аманат» және «Ұлы дала қырандары» топтары басқарманың Құрмет грамотасына ие болды. Ал, көрермен қауымға талаптары мен құлшыныстарын көрсете білген «Білімді жастар» («Білім» гуманитарлы-техникалық колледжі) мен «Алаштың қыздары» топтарына 45 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығы табысталды.  «Рухты жастар» тобы (Талдықорған жоғары медициналық колледжі) жүлделі 3 орынға және 60 мың тг. сыйақыға ие болды. Талдықорған сервис және технология колледжінің намысын қорғаған «Болашақ» тобы 2 орынға (70 мың тг.) тұрақтады. Талдықорған политехникалық колледжінің «Қайсар» тобы 1 орынды (80 мың тг.) иеленді. «Авиценна» медициналық колледжінің үкілеген үмітін ақтаған «Жалынды жастар» тобы байқаудың бас жүлдесіне (100 мың тг.) ие болды.  

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2019. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.