Навигация

Серіктестер

Жаңалықтар

ЖАС СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 28.11.2018
Оқылды: 63 Печать страницы
ЖАС СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ

Тәуелсіздік - тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Бұл қастерлі мерекені ақындар көркем сөзбен өріп, жырға қосса, суретшілер бояумен көркемдеп қағаз бетіне түсіреді. Әлемге аты әйгілі суретші Пабло Пикассо «Сурет салу үшін көзіңді жұмып тұрып ән салу керек» деген. Осы сөзі арқылы бейнені қағаз бетіне түсірудің аса нәзік, ерекше өнер екенін айтқан. Ықылым заманнан халық мәдениетімен бірге дамып, елдің айрықша құндылығына айналған киелі өнер бүгінгі таңда да өз биігінен түскен жоқ. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым» атты облыстық жас суретшілер байқауы соның дәлелі.

Тілдің мәртебесі мен болашағын, мемлекеттік тіл мен тәуелсіздік ұғымдарының байланысы мен маңызын сурет тілімен жеткізіп, қылқалам шеберлігін бағамдауға бағытталған 16 мен 29 жас аралығындағы қылқалам шеберлерінің бәйгесіне облысымыздың түкпір-түкпірінен барлығы 42 жұмыс өткізілді. Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі, Алматы облыстық көркемсурет галереясының бөлім меңгерушісі А.Оразбаева, Талдықорған қалалық оқушылар сарайының бейнелеу өнері үйірмесінің жетекшілері Т.Лелюйко мен А.Жанғарашева әр автордың ойы мен идеясын кескіндеген ерекше суреттеріне талдау жасап, қазылық етті.

Екі ай бұрын жарияланған байқаудың салтанатты марапаттау рәсімінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы Башбаев жас дарындардың өнеріне өріс тілеп, ниетін білдірді: «Құрметті жас достар, сіздердің ұлт мәдениетінің асыл мұрасы, киелі бейнелеу өнерін жансерік етіп, одан әрі дамытатындарыңызға сенемін. Үлкен өнер жолына басқан қадамдарыңызға сәттілік тілеймін».

Байқау қорытындысы бойынша, «Үздік сюжет» аталымына Әділет Тұрғамбаев, ал «Үздік кескіндеме» аталымына Талап Бөтенов ие болды. Жүлделі 3 орынды Есболат Құралай еншілесе, 2 орын Алина Құдайбергенованың қанжығасына байланды. Ерекше бейнелеу үлгісін көрсеткен Ержан Жұмақан 1 орынға ие болды. Қазылар алқасының бірауыздан айтқан шешімі бойынша жас суретшілер байқауының бас жүлдесін Іле ауданынан келген өнерпаз Галина Ситникова иеленді. Жүлдегерлерге басқарма тарапынан ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2018. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.